
Павлодар қалалық мәслихатының кезекті XXXIX сессиясы өтті. Депутаттар күн тәртібіне сәйкес бірқатар мәселелерді қарады.
⠀Атап айтқанда, 2025 жылға арналған төртінші деңгейдегі бюджеттің орындалуы және 2026 жылға арналған жоспарлар туралы ақпарат тыңдалды.
⠀Елді мекендердің әкімдері атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған басым бағыттар туралы баяндады. Су тасқыны маусымына дайындыққа ерекше назар аударылды.
⠀Сондай-ақ, тасқынға қарсы іс-шаралар жоспары аясында 43 су өткізгіш құбырды тазалау және сақтауға қою жұмыстары толық аяқталды. Ықтимал жағдайлардың алдын алу үшін 36 бірлік су сору техникасынан тұратын күштер мен құралдар тобы жасақталды.
⠀Елді мекендердің әкімдіктеріне қар шығаруды күшейту және арнайы техниканың, соның ішінде мотопомпалардың толық дайындығын қамтамасыз ету ұсынылды.
⠀Қоғамдық орындардағы бейнебақылау жүйесін дамытуға бағытталған шаралар да талқыланды.
«Қауіпсіз қала» жобасы аясында жүздеген аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылды, олардың бір бөлігі қазірдің өзінде қосылып, маңызды учаскелерде жұмыс істеп тұр.
⠀Сонымен қатар, депутаттар қоғамдық көлікте жол жүру ақысын жеңілдіктермен қамтамасыз ету мәселесін, соның ішінде азаматтардың жекелеген санаттары үшін тегін жол жүру мүмкіндігін қарастырды. Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шегіп, зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар қолданыстағы тізімге енгізілді. Жоба «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылаудан бастапқыда өткен болатын.
⠀Сондай-ақ, «Достық» жаңа тұрғын үй кешенін салу үшін мемлекеттік мұқтажға жер учаскелерін сатып алу туралы шарт жобалары келісілді. Бас жоспарға сәйкес, қаланың дамуы оңтүстік бағыттағы құрылысты, заманауи тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымды салуды қарастырады.
⠀Барлық қаралған мәселелерге қатысты тиісті шешімдер қабылданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-pavlodar-pvl/press/news/details/1184799?lang=kk

Жауап қалдыру