Қала әкімі «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің көктемгі абаттандыру жұмыстарымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков «Жасыл ел-Тараз» мекемесіне арнайы барып, ондағы жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Шаһардың көркі мен экологиялық ахуалын жақсартуда маңызды рөл атқаратын бұл нысан – қала аумағын көгалдандыру жұмыстарының негізгі тірегі.

Жалпы аумағы 3600 шаршы метрді құрайтын жылыжайда бүгінгі таңда маусымдық және көпжылдық гүлдердің 1 миллонға жуық түрі өсірілуде. Мұнда барлық қажетті жаздық гүлдер өз күштерімен егіліп, бапталып, қала көшелері мен саябақтарын көріктендіруге дайындалады. Қазіргі таңда бұл жылыжай қала аумағын өз гүлдерімен толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы. Жылыжайда 12 тұрақты жұмысшы еңбек етіп, өсімдіктердің сапалы әрі уақытылы өсіп-жетілуін қамтамасыз етуде.

Ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстар аясында қала көшелері мен саябақтардағы жалпы ауданы 10 500 шаршы метрді құрайтын гүлзарлар мен 669 дана қазандықтарға жаздық гүлдер отырғызу көзделген. Сонымен қатар, шаһардың сәнін арттыру мақсатында көпжылдық 5 000 түп раушан гүлі «Ұлы Дала» шағын ауданы мен «Барысхан» алқабы аумақтарына егілмек. Сондай-ақ қала бойынша бұрын отырғызылған жалпы 35 000 түп раушан гүлдеріне тұрақты түрде күтім жасау жұмыстары жүргізіледі.

Бақытжан Әмірбекұлы жылыжай жұмысымен танысу барысында көгалдандыру ісінің маңыздылығына ерекше тоқталып, шаһардың экологиялық жағдайын жақсарту мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, жауапты сала мамандарына гүл отырғызу мен күтім жұмыстарын сапалы жүргізу және жасыл желекті көбейту арқылы қаланың көркін арттыруды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz/press/news/details/1184808?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді