
Семей қаласындағы бизнес және сервис колледжінде Наурыз мерекесі қарсаңындағы Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық киім күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шара барысында студенттер қонақтарға ұлттық киім элементтерін өз қолдарымен тігіп, пішу және құрастыру бойынша дағдыларын көрсетті. Сонымен қатар, көшпелі тұрмысқа тән бұйымдар да таныстырылды.
Колледждің өндірістік оқыту шебері Гаухар Жаныбек көрме мен сән көрсетілімінде білім алушылардың өз қолымен жасаған жұмыстары ұсынылғанын атап өтті.
– Біз студенттерді ұлттық киім тігуге үйретеміз. Оқушылар пішімдерді өздері әзірлеп, ұлттық ою-өрнек пен жалпы дизайнды да өз бетінше жасайды. Сонымен қатар, дайын бұйымдар бисермен әшекейленеді. Бүгінгі Ұлттық киім күніне орай ұйымдастырылған көрмеде студенттеріміздің туындылары ұсынылды. Киімнен бөлек, тұрмыстық және қолданысқа қажетті бұйымдарды жасауды да үйретеміз, – деді Гаухар Жаныбек.
Іс-шара барысында «Қоғамдық келісім» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен киіз басу бойынша шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Сондай-ақ, колледж студенттері өздері тіккен киім үлгілерін таныстырып, сән көрсетілімін өткізді.
Облыстық Достық үйі жанындағы «Қоғамдық келісім» орталығының өкілдері мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
– Бүгін, бәрімізге белгілі, Наурызнама онкүндігі аясында еліміз бойынша Ұлттық киім күні аталып өтуде. Біз облыстық Достық үйі жанындағы «Қоғамдық келісім» орталығы ретінде бұл іс-шараны қолдауды және баршаңызды мерекемен құттықтауды жөн көрдік. Жас ұрпақ салт-дәстүрді біліп, халқымыздың ежелден сәнге және ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасауға мән бергенін ұмытпауы тиіс. Осы бағытта студенттермен жұмыс жүргізіп, ата-бабамыздың сәндік-қолданбалы өнерін насихаттап жүрген колледж ұстаздарына алғысымызды білдіреміз, – деді ұйым өкілдері.
Қазақтың дәстүрлі киімдері көшпелі өмір салтының ерекшеліктерін, табиғи-климаттық жағдайларды және қоғамның әлеуметтік құрылымын бейнелейді. Ер адамдар шапан, тақия және былғары аяқ киім кисе, әйелдер камзол, кестелі көйлек, сондай-ақ сәукеле мен кимешек сияқты бас киімдерді пайдаланған.
Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде тақырыптық акциялар, флешмобтар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Тұрғындар ұлттық киімді жұмысқа, оқу орындарына және күнделікті өмірде киіп, дәстүр мен ұлттық бірегейлікті сақтауға өз үлестерін қосып жатыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-ishki-sayasat/press/news/details/1184956?lang=kk

Жауап қалдыру