
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік кірістер департаменті бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Бизнес және салық» ақпараттық-түсіндіру жобасы аясында мамандар жаңа «ҚР Салық кодексіндегі» өзгерістерді ескере отырып, көлік құралдарына салынатын салық туралы түсіндірді.
Мамандардың айтуынша, негізгі өзгерістердің бірі – жеңіл автокөліктер үшін пайдалану мерзіміне байланысты төмендетуші коэффициенттердің енгізілуі. ШҚО бойынша МКД Өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Альбина Кенжеғалиеваның мәліметінше, 10 жылдан 20 жылға дейінгі автокөліктер үшін салықты есептеу кезінде 0,7 коэффициенті, ал 20 жылдан асқан көліктер үшін 0,5 коэффициенті қолданылады. Бұл ретте салықтың жыл қорытындысы бойынша төленетінін ескеру маңызды. Демек, аталған төмендетуші коэффициенттер 2026 жыл үшін есептелетін салыққа қосылып, оны төлеу 2027 жылы жүзеге асырылады.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау шараларына да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, шаруа және фермер қожалықтары бұрынғы жеңілдіктерден бөлек, жүк тасымалдауға арналған платформасы бар және жүргізуші кабинасы жүк бөлігінен қатты тұрақты қалқамен бөлінген жеңіл автокөлікке салық төлеуден босатылады.
Мамандан бірқатар жеңілдікке қарамастан салықты уақтылы төлеу керектігін атап өтті. Мерзімді сақтамау өсімпұлдің артуына және белгілі бір шектеулерге әкелуі мүмкін.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Бизнес және салық» жобасының басты мақсаты – өңір кәсіпкерлері арасында салықтық сауаттылықты арттыру және салық міндеттемелерін адал орындау мәдениетін қалыптастыру.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1185069?lang=kk

Жауап қалдыру