ШҚО-да «Бизнес және салықтар» жобасы жалғасуда: көлік салығына басымдық берілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Бизнес және салықтар» ақпараттық-түсіндіру жобасын жалғастыруда. Кезекті тікелей эфир Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерді ескере отырып, көлік құралдары салығына арналды.

Сарапшылар 2026 жылы 2025 жыл үшін салықты қалай төлеу керектігін, сондай-ақ күшіне енген жаңашылдықтардың болашақ есептеулерге қалай әсер ететінін түсіндірді.

Негізгі өзгерістердің бірі – жеңіл автокөліктер үшін пайдалану мерзіміне байланысты төмендету коэффициенттерінің енгізілуі. ШҚО бойынша МКД Өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Альбина Кенжегалиеваның айтуынша, жасы 10 жылдан 20 жылға дейінгі автокөліктерге 0,7 коэффициенті, ал 20 жылдан асқан көліктерге 0,5 коэффициенті қолданылады. Бұл ретте салықтың жыл қорытындысы бойынша төленетінін ескеру маңызды. Тиісінше, аталған төмендету коэффициенттері 2026 жылға есептелетін салықта көрініс табады, ал ол 2027 жылы төленеді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шараларына да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, шаруа және фермер қожалықтары бұрынғы жеңілдіктерге қосымша ретінде бір көлік құралына – жүк тасымалдауға арналған платформасы бар және жүк бөлігінен қатты стационарлық қалқамен бөлінген жүргізуші кабинасы бар жеңіл автокөлікке (пикап) салық төлеуден босатылады.

Спикерлер бірқатар жеңілдіктерге қарамастан, салықты уақтылы төлеу міндеті сақталатынын атап өтті. Белгіленген мерзімдерді сақтамау өсімпұлдың есептелуіне және белгілі бір шектеулерге әкелуі мүмкін.

Тікелей эфир барысында кәсіпкерлер мен өңір тұрғындары салықты есептеу тәртібі, жеңілдіктерді қолдану және есептелген сомаларды тексеруге арналған онлайн-сервистерді пайдалану бойынша өзекті сұрақтарына жауап алды.

«Бизнес және салықтар» жобасы – мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы ашық диалогқа арналған маңызды алаң. Біз салық салу мәселелері, әсіресе заңнамадағы өзгерістерге қатысты сұрақтар ең өзекті болып қала беретінін көріп отырмыз. Бүгін біз тек жаңа ережелер туралы ғана емес, сонымен қатар салық жүктемесін төмендетудің нақты мүмкіндіктері туралы да айтып отырғанымыз маңызды», – деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – кәсіпкерлердің салықтық сауаттылығын арттыру және өңірде салық міндеттемелерін адал орындау мәдениетін қалыптастыру.

Дереккөз: «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1184884?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді