«Ұлт мұрасы – ұлттық киім»: дәстүр мен тағылым тоғысқан тағзымды шеру

Жарияланды:

Автор:

категорияда

18 наурыз – жалпыұлттық «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында атап өтілетін Ұлттық киім күні биыл да өз мәні мен маңызын айшықтай түсті. Осы айтулы күнге орай Қызылорда қаласында «Ұлт мұрасы – ұлттық киім» атты ауқымды ұлттық киімдер шеруі ұйымдастырылып, көпшілікке рухани серпіліс сыйлаған тағылымды шараға айналды.

Өнер арбатында өткен бұл мерекелік іс-шара ұлт мәдениетін ұлықтаудың, тарихи жадыны жаңғыртудың жарқын көрінісі болды. Салтанатты жиын жүргізушілердің жүрекжарды лебізімен ашылып, Ұлттық киім күнінің мән-маңызы кеңінен насихатталды. Шара барысында ұлттық киімнің тек сән үлгісі ғана емес, халықтың тарихы мен дүниетанымының, эстетикалық талғамы мен рухани байлығының көрінісі екендігі ерекше атап өтілді. Қазақы нақыштағы әрбір ою мен өрнекте ұлттың өткені мен бүгіні, салт-дәстүрі мен болмыс-бітімі бейнеленгені тілге тиек етілді.

Шараның қорытындысы ретінде орындалған «Наурыз» әні барша көрермен мен қатысушыларды бір арнаға тоғыстырып, көктем мерекесінің шынайы рухын сезіндірді. Бұл – бірлік пен берекенің, жаңару мен жаңғырудың символына айналған ерекше сәт болды. Жалпы, «Ұлт мұрасы – ұлттық киім» шеруі ұлттық мәдениетті дәріптеудің, тарихи мұраны ұлықтаудың және жас ұрпаққа тағылым берудің маңызды алаңына айналды. Мұндай шаралар арқылы ұлттық болмысымыз жаңғырып, ұрпақ санасында рухани құндылықтарға деген құрмет қалыптасары сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-sayasat/press/news/details/1185380?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді