
ПРЕСС-РЕЛИЗ
Алматы мен Таллин білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
Алматы қаласының Білім басқармасы «Оқытудың инновациялық моделі. Қазақстан мен Эстонияның білім беру жүйелері» атты ірі халықаралық тағылымдаманы ұйымдастырды. Екі елдің басшылары мен педагогтарын біріктірген бұл іс-шара жетекші мектептер базасында өтуде.
Таллин қаласынан келген ресми делегация құрамына эстон гимназияларының (Tallinna Tähesaju Kool, Tallinna Humanitaargümnaasium, Tallinna Tõnismäe Reaalkool және т.б.) басшылары мен мұғалімдері енді. Делегацияны Таллин қаласы әкімінің білім беру жөніндегі орынбасары Андрей Канте басқарады. Сапар «Алматы мектебі» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, екіжақты байланысты нығайтуға, үздік тәжірибелермен алмасуға және оқу процесіне әлемдік стандарттарды енгізуге бағытталған.
Эстон әріптестерінің Алматыдағы бағдарламасы мазмұнды әрі ауқымды болды. Бірінші күні негізгі назар әлеуметтік қолдау мен инклюзия мәселелеріне аударылды. Бағдарлама «Самғау» даму және шығармашылық орталығында басталды. Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәкен Аралбаев екі елдің білім беру жүйелері арасындағы диалогтың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Алғашқы күн бағдарламасы балалық шақты қорғау саласындағы мемлекеттік кепілдіктерге арналды. Эстондық әріптестерге Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы, Балалардың құқықтарын қорғау орталығы, Психологиялық қолдау орталығы және Қалалық инклюзивті ресурстық орталықтың жұмысы таныстырылды. №70 жалпы білім беретін мектептің кедергісіз орта қалыптастыру тәжірибесі делегация тарапынан ерекше қызығушылық тудырды.
Практикалық бөлім №94 және №136 мектептерде жалғасты. №94 гимназияда қонақтар мектептің әлеуметтік театрының жұмысымен танысып, робототехника бойынша жобалардың қорғалуын көрді. Ал №136 мектеп-гимназиясы эстон педагогикалық тәжірибесін оқу үдерісіне енгізуді көрсетіп, үш тілде ашық сабақтар өткізді.
Тағылымдаманың екінші күні заманауи білім беру тәсілдері аясында өтіп, кәсіби құзыреттермен белсенді алмасумен ерекшеленді. №201 мектеп-гимназиясында делегация үшін этно-киіз үйде мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, кейін қатысушылар халықаралық бакалавриаттың академиялық ортасына енді. Мектеп парламенті Global Knowledge Exchange бағдарламасын таныстырып, MYP бағдарламасының үйлестірушісі мектептің осы халықаралық бағытты таңдауының себептерін түсіндірді.
Күннің басты оқиғасы шеберлік сабақтары болды. Эстон тілі мұғалімі Людмила Зарина (Tallinna Laanemere Gümnaasium) пән мен тілді кіріктіріп оқыту (CLIL) әдістемесін ұсынды. Tähesaju гимназиясы директорының орынбасары Виктория Месилане фин-эстондық «KiVa» буллингке қарсы бағдарламасын енгізу тәжірибесімен бөлісті.
№178 мамандандырылған лицейінде STEM бағытының мүмкіндіктері таныстырылды. Оқушылар делегацияның құрметіне зымыран моделін ұшырып, «SPACE LAB» зертханасының жұмысын көрсетті. Алматы мен Таллин оқушылары үшін жаратылыстану-математикалық пәндер мен ағылшын тіліне бағытталған бірлескен «Жазғы мектеп» ұйымдастыру перспективалары талқыланды. Эстон педагогтары білім беруді цифрландыру (Кая Пелло), мемлекеттік тілге көшу (Елена Айт) және «Қызықты мектеп» тұжырымдамасы (Наталья Никанорова) бойынша баяндамалар жасады.
18 наурыз – тағылымдаманың қорытынды күні – балалардың әл-ауқаты мен академиялық ынтымақтастық мәселелеріне арналды. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сорбонна-Қазақстан институтында Алматының жетекші жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар Қазақстан мен Эстония тәжірибесін біріктіретін инновациялық білім беру модельдерін талқылады.
Кейін делегация №97 жалпы білім беретін мектеп пен №132 гимназияға барып, оқушылардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға қолайлы орта қалыптастырудың практикалық аспектілерін қарастырды.
Үш күндік білім беру марафонының шарықтау шегі Алматы мен Таллиннің білім беру ұйымдары арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімі болды. Құжаттар бірлескен жобаларды іске асыру, оқушылар мен педагогтар алмасу, сондай-ақ Қазақстанның білім беру үдерісіне үздік еуропалық тәжірибелерді енгізу бойынша тараптардың ниеттерін бекітеді.
Құрметті журналистер, сіздерді халықаралық ауқымды іс-шараның ресми жабылу салтанатына шақырамыз!
Өтетін күні мен уақыты: 18 наурыз, сағат 12:00
Өтетін орны: 1-ықшамаудан, 76а (№97 жалпы білім беретін мектеп)
Барлық сұрақтар бойынша: Асан Қуанов, 87759894746

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-edu/press/news/details/1185710?lang=kk

Жауап қалдыру