Алматыда эстон педагогтарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті
Алматы қаласының Білім басқармасы ұйымдастырған Таллин (Эстония) қаласынан келген делегацияның қатысуымен өткен үш күндік халықаралық тағылымдама аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізілді. Еске сала кетейік, делегация құрамына Таллин қаласы әкімінің білім беру жөніндегі орынбасары Андрей Канте бастаған Балтық өңірінің жетекші педагогтері кірді. 2026 жылғы 18 наурызда олар Таллин қаласы Білім департаментінің өкілі Аурика Меймремен бірге білім беру саласындағы екіжақты байланыстарды дамытуға бағытталған кездесулер өткізді.
Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ 4 – «Сапалы білім») қол жеткізу аясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау болды. Эстон әріптестер әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимовпен кездесіп, академиялық ұтқырлық және бірлескен ғылыми-білім беру бастамаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Сапардың шарықтау шегі Алматы қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен Абай атындағы ҚазҰПУ базасында өткен «Оқытудың инновациялық моделі. Қазақстан мен Эстонияның білім беру жүйелері» атты халықаралық дөңгелек үстел болды. Отырыс барысында қатысушылар екі елдің білім беру жүйелерін дамытудың заманауи үрдістерін талқылап, инновациялық педагогикалық модельдерді енгізу және цифрлық технологияларды қолдану мәселелері бойынша тәжірибе алмасты. Әсіресе, білім беру үдерісіне жасанды интеллектіні енгізу және жаңа буын педагог кадрларын даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесудің практикалық бөлімінде қонақтарға оқытуды дамытуға ықпал ететін цифрлық құралдар көрсетілді: интерактивті тест тапсырмалары, топтық жұмысты ұйымдастыру платформалары, book-story құрастыру технологиялары және басқа да заманауи әзірлемелер ұсынылды.
«Мұндай іс-шаралар әртүрлі елдердің педагогтері арасында кәсіби диалог пен тәжірибе алмасуға тиімді алаң қалыптастырады. Эстон әріптестеріміздің білім беру ұйымдары арасындағы әріптестікті одан әрі кеңейтуге, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, академиялық алмасулар мен ғылыми зерттеулер жүргізуге толық дайын екенін білдіруі қуантады», – деп атап өтті Алматы қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Ардақ Смағұлова.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-edu/press/news/details/1185714?lang=kk

Жауап қалдыру