
Маңғыстау облысында халықаралық деңгейдегі мұз сарайы ашылды
Наурыз мерекесі қарсаңында Ақтау қаласында халықаралық стандарттарға сай салынған жаңа мұз сарайының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Өз сөзінде өңір басшысы жаңа кешен жастар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
«Жастарға қажетті жағдау жасау және спортпен жүйелі түрде айналысуы – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұқаралық спортты дамыту және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру – стратегиялық маңызды міндеттер. Осыған байланысты бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Әсіресе, қысқы спорт түрлерін жастар арасында кеңінен насихаттау аса маңызды. Мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Болашақта облысымыздан олимпиада чемпиондары шығады деп сенемін», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Мұз сарайының ашылуы дәстүрлі түрде лента қию рәсімімен басталды. Оған Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев, кәсіпкер, «Бауржан ЛТД» ЖШС директоры Ұлықпан Көбесов, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Жаңаөзен қаласының тумасы Гаухар Наурызова, сондай-ақ шайбалы хоккейден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Маңғыстау облысының бас жаттықтырушысы Дмитрий Шахов, сондай-ақ Санкт-Петербургтен арнайы шақырылған жаттықтырушы — мәнерлеп сырғанаудан спорт шеберлігіне кандидат, Маңғыстау облысының аға жаттықтырушысы Алена Панкратова қатысты.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жеке инвесторлар да қоғамдық маңызы бар жобаларға, оның ішінде спорт нысандарын салуға қаржы салуы тиіс. Осы тапсырмаға сәйкес жаңа мұз сарайы жеке инвестиция есебінен жүзеге асқан жоба болып саналады – бұл бизнестің әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қалай қатыса алатынын көрсететін нақты мысал. Мұндай бастамалар мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау табуда. Жоба «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылатын «Өрлеу» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болды.
Халықаралық стандарттарға сай салынған олимпиадалық үлгідегі нысан екі қабатты ғимараттан тұрады. Мұнда мұз аренасы, спортшыларға арналған киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушылар кабинеттері, әкімшілік бөлмелер және келушілерге арналған кафе қарастырылған. Спортшылар мен қонақтар үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Ресми бөлімнен кейін хоккей матчтары, мәнерлеп сырғанаудан көрсетілім қойылымдары және тұрғындар үшін жаппай сырғанау ұйымдастырылды. Мерекелік атмосфераны ұлттық киімдегі қатысушылар толықтыра түсті.
Жаңа мұз сарайы төрт олимпиадалық спорт түрін дамытуға мүмкіндік береді: хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және кёрлинг. Жақын уақытта Өскемен, Астана және Қарағанды қалаларынан білікті жаттықтырушыларды тарту жоспарланып отыр. Негізгі басымдық хоккей мен мәнерлеп сырғанауға беріледі.
Аталған нысанның ашылуы Маңғыстау облысында қысқы спорт түрлерін дамытуға, жас спортшыларды қолдауға және бұқаралық спортты насихаттауға жаңа серпін береді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1186040?lang=kk

Жауап қалдыру