Жетісу облысы Полиция департаментінде Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы қызметкерлерінің бастамасымен және Кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен «Қауіпсіз қала» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Кездесудің басты тақырыбы — құқық бұзушылықтардың алдын алу және ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру болды. Полиция деректеріне сәйкес, дәл Талдықорған қаласындағы кафе, барлар мен клубтар құқық бұзушылықтар жиі орын алатын орындарға жатады. Тек 2025 жылы «102» арнасына 400-ден астам қоңырау түсіп, 22 қылмыстық факт тіркелсе, 2026 жылдың басынан бері 9 жағдай анықталған.
Кәсіпкерлерге нақты шаралар ұсынылды: күзетті күшейту, бейнебақылау жүйелерін орнату, дабыл түймелерін енгізу, жарықтандыруды жақсарту және полициямен тығыз өзара іс-қимыл орнату. Сондай-ақ алкоголь өнімдерін сату қағидаларын сақтау және мас күйдегі келушілерді кіргізбеу мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Қауіпсіздік — бір тараптың ғана міндеті емес, бұл ортақ жауапкершіліктің нәтижесі. Біздің мақсатымыз — жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу», — деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Бүгінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге цифрлық шешімдер де тартылуда — eGov қосымшаларындағы «Заң және тәртіп» батырмасы арқылы құқық бұзушылықтар туралы жедел хабарлауға болады.
Кездесудің қорытындысы айқын: мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігері ғана қаланы шын мәнінде қауіпсіз ете алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1186416?lang=kk

Жауап қалдыру