Қызмет пен өнер үндестігі: полиция майоры домбырамен рухты көтереді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция мамандандырылған батальонының аға инспекторы, полиция майоры Даурен Еңсебаев — қызмет пен өнерді қатар алып жүрген азаматтардың бірі. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өмірлік миссиясына айналдырған ол, сонымен қатар ұлттық өнерді дәріптеп жүрген жан.
44 жастағы Даурен Еңсебаев — Семей өңірінің тумасы. Ішкі істер органдарындағы қызметін 2005 жылы бастап, содан бері ел тыныштығын күзету жолында абыройлы еңбек етіп келеді. Көпжылдық тәжірибесі мен жауапкершілігінің арқасында әріптестері арасында сыйлы, ал қоғам үшін сенімді тәртіп сақшысы.
Алайда қызметтен тыс уақытта оның тағы бір қыры ашылады. Тәртіп сақшысы домбыраның құлағында ойнайтын өнерпаз. Ол домбыраны алғаш рет 14 жасында қолға алып, содан бері бұл қасиетті аспапты серік етіп келеді. Бүгінде оның домбыра тартып жүргеніне 30 жылдан астам уақыт өткен.
Ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін ол тек өзімен ғана шектемей, отбасына да дарыта білді. Үш баланың әкесі Даурен бір ұлы мен бір қызына домбыра тартуды үйретіп, олардың өнер үйірмелеріне қатысуына ықпал еткен. Бүгінде балалары әкесінен үйренген күй өнерін жалғастырып, қазақтың дәстүрлі күйлерін орындайды.Полиция майорының орындауындағы «Еркесылқым», «Адай», «Балбырауын», «Наркескен», «Жастар», «Ата толғауы» секілді күйлер тыңдаған жанның рухын көтереді. Оның орындау мәнері ұлттық өнерге деген шынайы құрметті айқын көрсетеді.
Даурен Еңсебаев тек күй орындаушы ғана емес, патриоттық әндерді де нақышына келтіре орындайды. Ол патриоттық әндер байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болған. Бұл – оның өнерге деген ықыласы мен талантының тағы бір дәлелі.
Қызмет барысында тәртіп пен заңдылықты сақтауға үлес қосып жүрген полиция майоры, ал өнер арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттап келеді. Осындай азаматтардың еңбегі мен өнегесі жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Даурен Еңсебаевтың өмір жолы — қызметке адалдық пен ұлттық рухты ұштастырған жарқын үлгі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1185728?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді