
ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында «Газ баллондарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Спикерлер болып ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Руслан Сламбекұлы Қайрақбаев, ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің басқарма бас сарапшысы Нұргүл Жанатқызы Нәбиева, «QazaqGaz Aimaq» АҚ өндірістік-техникалық департаментінің директоры Асқар Нұрмұханбетұлы Қонақбаев, ӨҚМ Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен департаменті директорының орынбасары Асқар Сәбитұлы Тамаев, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ инвестициялар тарту қызметінің басшысы Әлішер Құрбанұлы Наурузов.
Биылғы жылдың басынан бері ТЖМ газ-ауа қоспасының өршуінің 4 жағдайын тіркеді. Өрт болған орыннан ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері 357 газ баллонын шығарды. 2025 жылы өртті сөндіру және ықтимал салдардың алдын алу барысында ТЖМ өрт сөндірушілері өрт ошақтарынан 1 805 газ баллонын шығарды.
Мемлекеттік бақылау және қадағалау қатаң Кәсіпкерлік кодекстің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. 2025 жылы және 2026 жылдың 2 айында өрт қауіпсіздігі саласындағы тексерулер 165 қоғамдық тамақтану объектісінде жүргізілді, Өрт қауіпсіздігі талаптарының 436 бұзушылығы анықталды. Жедел ден қою шараларымен 71 объектінің қызметі тоқтатылды, объектілердің басшыларына бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.
Руслан Қайрақбаев аталған тексерулер шеңберінде тұрмыстық газ баллондарын пайдалану мәселелері қаралмағанын, өйткені «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға сәйкес тұрмыстық тұтынушылардың газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылауды әкімдіктердің тұрғын үй инспекциялары жүзеге асыратынын атап өтті. Бұдан басқа өрт қауіпсіздігі саласындағы қолданыстағы талаптар тұрмыстық газ баллондарын пайдалануды реттейтін нормаларды қамтымайды, осыған байланысты бұл мәселелер азаматтық қорғау органдарын тексеру нысанасына кірмейді.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Өндірістік-техникалық департаментінің директоры Асқар Қонақбаев 2025–2026 жылғы жылыту маусымындағы 32 мыңнан астам өтінімнің көп бөлігі тұрғын үйлердегі ішкі газ жүйелері мен жабдықтарына қатысты болғанын айтты. Соңғы жылдары тұрмыста газды пайдалану кезінде жиі кездескен жарылыс, газдан улану сынды жазатайым оқиғалардың негізгі себептері жылу құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, мұржада ауа тартымының болмауы немесе бұзылуы, газ жабдықтарын өз бетінше орнату немесе ауыстыру және сапасыз немесе қолдан жасалған құралдарды пайдалану болып отыр.
«Заң бойынша газ жабдықтарының иелері олардың қауіпсіздігі мен техникалық жағдайына өздері жауапты және уақтылы қызмет көрсетуге тиіс. Ал газ таратушы ұйым тек сыртқы газ желілеріне (үйдің қақпасына дейін) жауап береді», – деп Асқар Қонақбаев атап өтті.
Бұл ретте әкімдіктер газ-техникалық инспекциялар құру жұмысын жүргізуде. Тиісті қадам ішкі газ жабдықтарының қауіпсіздігін күшейтіп, жазатайым оқиғаларды азайтуға көмектеседі.
ТЖМ өкілдері атап өткендей газ баллондары бар үй-жайларда өрт қауіпсіздігін сақтау әр азаматтың жауапкершілігі. Газ құрылғыларын орнату және пайдалану кезінде ережелерді қатаң сақтау жарылыстар мен қайғылы оқиғалардың алдын алады. Әсіресе газ баллондарын пайдалану және сақтау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1185953?lang=kk

Жауап қалдыру