
Бүгін Алматыда елдегі ең ірі мәдени оқиғалардың бірі «KitapFest-2026» кітап фестивалінің алғашқы күні өтті. Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған бұл ауқымды іс-шара мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтарын жинап, Арбатты нағыз рухани мерекенің орталығына айналдырды.
Биылғы фестивальде 40-тан астам баспа өнімдерін ұсынып, келушілерге жаңа кітаптарды қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді. Кітап жәрмеңкесінде алғашқы күні мыңға жуық кітап сатылды.
Фестиваль жазушы, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәдірбек Сегізбаевтың ақ батасымен салтанатты түрде ашылды: «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз баршаңызға құтты болсын! Бұл мереке – жаңару мен жақсылықтың бастауы. Осындай игі күнде ұйымдастырылған кітап фестивалі қоғамның рухани дамуына ықпал етіп, мәдени құндылықтарды нығайтып, жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыра берсін. Баршаңызға амандық, береке және мол ырыс тілеймін!» – деді жазушы.
Фестиваль аясында белгілі ақын-жазушылар – Байахмет Жұмабайұлы, Бигелді Ғабдуллин, Бақытжан Бұқарбай, Маралтай Ыбыраев, Байғали Есенәлиев, Дидар Қосылбеков, Мирас Кесебаев, Болатбек Төлепбергеннің қатысуымен шығармашылық кездесулер өтті. Кездесулер барысында жаңа кітаптардың тұсаукесері өтіп, оқырмандармен еркін пікір алмасу ұйымдастырылды.
Іс-шара қонақтарының ерекше назарын аударған алаңдардың бірі – заманауи технологиялар мен ұлттық нақыш үйлесім тапқан «Smart киіз үй» болды. Бұл бірегей цифрлық кеңістікте келушілерге өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған автомат, сондай-ақ сирек әрі құнды кітаптардың көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар, келушілер ескі басылымдарды қалпына келтіру үдерісін көріп, кітаптардың қалай қалпына келтірілетіне куә болды.
Бұдан бөлек, киіз үй ішінде VR-көзілдірік арқылы кітап әлеміне еніп, виртуалды саяхат жасауға мүмкіндік берілді. Ал арнайы AI-фотобудкада ерекше сәттерді естелікке сақтап қалуға жағдай жасалды.
Осы алаң аясында Алматы Кітапханалары мобильді қосымшасының алғашқы таныстырылымы өтіп, оқырмандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Енді кітапхана қызметтері мобильді қосымшаны жүктеу арқылы кез келген уақытта қолжетімді.
Іс-шара барысында ұлттық және дәстүрлі өнерге ерекше көңіл бөлінді. Арнайы шеберлік сабақтарында қатысушылар қыш өнерін меңгеріп, қазақтың дәстүрлі әшекейлері мен сәндік бұйымдарын жасау тәсілдерімен танысты.
Әдеби шығармалардағы «жанды» кейіпкерлер бейнесіндегі қатысушылар қонақтардың қызығушылығын арттырып, фестиваль атмосферасын одан әрі жандандыра түсті.
Фестиваль мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, сахнада өнерпаздар өнер көрсетіп, дәстүрлі әндер шырқалып, домбыра үні кештің көркін аша түсті.
«Бұл менің “KitapFest”-ке үшінші рет келуім. Жыл сайын осында өзіме ұнаған кітаптарды тиімді бағамен сатып аламын. Ең ұнайтыны – барлық баспаның бір жерде жиналғаны: уақыт үнемдейсің, еркін аралап, қажетті кітабыңды оңай табасың», – деп фестивальдің тұрақты қатысушыларының бірі әсерін бөлісті.
«KitapFest-2026» фестивалі 22 наурыз күні де жалғасын тауып, таңғы сағат 10:00-ден бастап келушілерге жаңа әсер, тың идеялар мен шабыт сыйлайды

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1186692?lang=kk

Жауап қалдыру