Ақтөбеде «Полиция Барысы» турнирінің жеңімпазы анықталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбеде облыстық Полиция департаменті қызметкерлері арасында ұлттық күрестен дәстүрлі «Полиция Барысы» турнирі өтті.
Жарыс «Жекпе-жек» спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған 20 полиция қызметкері қатысты.
Ашылу салтанатына Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Апсеттаров қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, әділ әрі тартысты бәсеке болуына ниет білдірді.
Белдесулер басталар алдында ардагерлер мен полиция қызметкерлеріне «Динамоға – 100 жыл» мерейтойлық медальдары табысталды.
Тартысты өткен белдесулер қорытындысы бойынша үшінші орынды ПД инспекторы Ақниет Тұрымбаев иеленді, екінші орын — ПД ЖҚАЖ инспекторы Мейірбек Орынғалиевке бұйырды. Ал «Полиция Барысы» атағын ПД ЖҚАЖ қызметкері Ерасыл Амангелді жеңіп алып, жоғары дайындық деңгейі мен шеберлігін көрсетті.
Полиция департаментінің Арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы Серик Тлембаев мұндай жарыстардың қызметкерлердің кәсіби дамуына маңыздылығын атап өтті.
«Осындай турнирлер полиция қызметкерлерінің дене дайындығын нығайтып, командалық рухты қалыптастырады және төзімділікті арттырады. Полиция қызметкері үшін күш, тәртіп пен сабырлылықтың маңызы зор, өйткені бұл қызметтің тиімділігі мен азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», — деді С. Тлембаев.
Дәстүрлі «Полиция Барысы» турнирі спорттық дәстүрлерді дамытуға, ұжымдық рухты нығайтуға және қызметкерлердің дене дайындығы деңгейін арттыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1186310?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді