
21-22 наурыз күндері Алматыдағы Арбат алаңында Наурыз мейрамына орай жыл сайынғы «KitapFest-2026» кітап фестивалі өтеді. Екі күнге созылатын бұл мәдени іс-шара дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани кеңістік ұсынады.
Фестиваль аясында 40-тан астам баспаның өнімдері ұсынылады. Келушілер жаңа кітаптармен танысып, оларды қолжетімді бағамен сатып ала алады.
Бағдарламада белгілі ақын-жазушылармен кездесулер, ашық пікірталастар мен еркін форматтағы сұхбат алаңдары қарастырылған. Сонымен қатар, ұлттық қолөнер бойынша шебердің сабақтары ұйымдастырылып, қатысушылар дәстүрлі өнердің қыр-сырын меңгере алады.
Фестивальдің басты жаңалықтарының бірі — «Smart Yurt» интерактивті алаңы. Мұнда сирек кітаптар көрмесі ұсынылып, кітап қорын цифрландыру үдерісі таныстырылып, заманауи технологияның мүмкіндіктері көрсетіледі. Сондай-ақ, келушілер VR-көзілдірік арқылы виртуалды саяхат жасап, AI-фотобудкада ерекше естелік суретке түсе алады.
Фестиваль барысында Алматы кітапханаларының мобильді қосымшасы таныстырылып, қаладағы өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған автономды станциялар ұсынылады.
Фестивальдің мерекелік атмосферасын концерттік бағдарлама толықтырады. Домбыра үні мен әсем әндер әрбір қонаққа көңіл күйін сыйлап, ерекше әсер қалдырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-madeniet/press/news/details/1186542?lang=kk

Жауап қалдыру