
⚜️Ауданымызда Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күні кең көлемде аталып өтті. Темірлан ауылындағы “Темірлан” спорт кешенінде ұйымдастырылған бұл айтулы шара ұлттық дәстүр мен заманауи спортты үйлестірген мазмұнды мерекеге айналды.
⚜️Аудандық ашық біріншілік аясында тоғызқұмалақ, асық ату және садақ ату секілді ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар өтті. 500-ге жуық жас спортшы қатысқан додада әрбір қатысушы өз шеберлігін танытып, ұлттық ойындарға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.
⚜️Іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, жиналған көпшілікті Ұлттық спорт күнімен құттықтап, ұлттық ойындардың тәрбиелік маңызына тоқталды. Өз сөзінде:
«Ұлттық спорт – ұлттың жаны мен рухын айқындайтын асыл қазына. Бүгінгі жас буын ата-бабадан қалған осы мұраны жалғастырып, оны жаңа деңгейге көтеруі тиіс», – деп атап өтті.
⚜️Сондай-ақ, шараға аудан прокуроры Абзал Қыдырбай мен аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, мұндай бастамалардың қоғам үшін маңыздылығын жеткізді.
⚜️Мерекелік іс-шара барысында аудан басшылары ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген спорт ардагерлерін арнайы марапаттап, олардың еңбегіне құрмет көрсетті. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жас спортшыларға үлгі боларлық тағылымды сәтке айналды.
⚜️Жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, жас ұрпақты салт-дәстүрге баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және спортшылардың шеберлігін шыңдау болды. Бұл мақсат өз деңгейінде орындалып, жарыс жоғары ұйымшылдықпен өтті.
⚜️Ұлттық спорт – ұлт рухының айнасы. Осындай игі бастамалар арқылы халқымыздың бай мұрасы жаңғырып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтар сіңе беретіні анық.
⚜️Ордабасы төрінде өткен бұл мереке – рух пен бірліктің, дәстүр мен жаңашылдықтың жарасымды көрінісіне айналды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1186533?lang=kk

Жауап қалдыру