
Наурыз – жаңарудың, жақсылық пен берекенің бастауы саналатын ұлық мереке. «Наурыз – Қазығұрттан басталады» атты мерекелік шараның киелі Қазығұрт тауының баурайында өтуі – заңдылық. Себебі Қазығұрт тауы – қасиетімен, тарихымен бүкіл елге танымал киелі мекен.
Бұл мейрам – табиғаттың түлеп, күн мен түннің теңеліп, тіршіліктің жаңаратын кезеңі. Ұлыстың ұлы күні халқымыз үшін тек мереке ғана емес, бірлік пен татулықтың, салт-дәстүрдің жаңғыратын ерекше сәті.
Наурыз мейрамы 1988 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің ерен еңбегінің арқасында қайта жаңғырып, республикалық деңгейде атап өтіле бастады. Ал 1991 жылдан бері ресми түрде ұлттық мереке ретінде тойланып келеді.
Осы дәстүрді жалғастырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында Шанақ ауылындағы «Ақ әжелер» алқасы, Наурыз мерекесіне ерекше тарту жасады. 10 адамнан құралған әжеден ақылдаса келе, ағарғаннан жасалатын, берекенің нышаны саналатын «алып құрт» дайындады.
“Құрт – қазақ халқының ежелден келе жатқан, табиғи әрі өте пайдалы тағамдарының бірі. Біз Зеңгі баба – сиыр сүтінен дайындалған құртты бірнеше кезеңмен жасап, 15 күн бойы кептіріп, арасына сүзбе жағып, қайта өңдеп, салмағы шамамен 100 келі болатын ерекше алып құрт дайындадық. Бұл – үлкен еңбектің, бірліктің жемісі. Біздің еңбегімізді бағалап, қолдау көрсеткен аудан әкімі Азизхан Әзімханұлына шексіз алғысымызды білдіреміз” – деді әжелер.
Мақсатымыз – халқымызға «ақ мол болсын» деген ниет білдіру, ұлттық тағамның қадір-қасиетін насихаттау және жастарға өнеге көрсету. Құрттан жасалатын тағамдардың пайдасы зор. Ол адамға күш-қуат беріп, денсаулыққа пайдалы, әрі қазақ дастарқанының ажырамас бөлігі.
Наурыз мерекесі кең көлемде, жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған қатысқан әрбір жанға ерекше әсер сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kazygurt-audany/press/news/details/1187294?lang=kk

Жауап қалдыру