ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН – ҰЛТТЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСТІҢ КӨШ БАСЫНДА ТҰРҒАН ТАРИХИ ТҰЛҒА

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Әлихан Бөкейхан және Алашорда үкіметі, шын мәнінде, ұлттық тәуелсіздік үшін күресті. Өкінішке қарай, бүгінде мектеп оқулықтары мен жоғары оқу орындарында Алаш қайраткерлері Ресейдің құрамында автономия құру үшін ғана күресті деп оқытылып жүр. Бұл қателікті түзетіп, тарихқа ұлттық таным тұрғысынан қарайтын уақыт әлдеқашан жетті.

Бұл туралы Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында өткен «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Жаңа Қазақстан» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияда әлихантанушы-ғалым, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Жүсіп осылай деді.

Алаш қозғалысы 1905 жылы 10 мамырда құрылды. Сол күннің ертесіне Әлихан Бөкейхан орыстың тарихшы-этнограф ғалымы Григорий Потанинге жазған хатында «Ресейді самодержавиядан федеративті республика етіп қайта құру ісінде қазақ халқы табанды түрде ең алда жүреді» деп жазады. Яғни, Алаш ұлт-азаттық қозғалысы құрылған сәттен бастап Ресейдің империялық билігін жойып, АҚШ пен Швейцария конфедерациясының үлгісі бойынша өңшең бір-бірімен құқы тең мемлекеттердің одағы етіп қайта құруды өзінің алдына мақсат етіп қойды.

Содан 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен ІІ жалпықазақ құрылтайында Алаш автономиялы республикасы құрылды. Алаш қайраткерлері ұлттық тәуелсіздік үшін күрескен болса, онда мемлекет неге автономия ретінде құрылды? Өйткені, ол болашақ Ресей федеративті республикасының бір субъектісі ретінде құрылған еді. Бірақ, большевиктер 1918 жылдың 5 қаңтарында өткен бүкілресейлік құрылтай жиналысында қабылданған Ресейді федеративті демократиялық республика етіп құру туралы шешім қабылдады. Оның есесіне большевиктер езілуші және жұмысшы халықтың құқы декларациясын қабылдамай тастады.

Кейіннен большевиктер үлкен мемлекеттік қылмыс жасап, құрылтайды қуып, күштеп таратты. Осылайша, большевиктер күштеп, заңсыз билік орнатқаннан кейін Алаш автономиясының жоғары жағында, федералды деңгейде легитимді орталық билік болған жоқ. Демек, де-факто Алаш республикасын егеменді мемлекет болды деп айтуға құқымыз бар, – Сұлтанхан Аққұлұлы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1188756?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді