
Бүгін «Астана» алаңында Әз-Наурыз мейрамына арналған концерттер легін «Қазына» халық би ансамблі жалғастырды. Елімізге белгілі, халықаралық байқаулардың лауреаты «Қазына» халық би ансамблі қала тұрғындары мен қонақтарына «Қазыналы алтын сандық» атты ауқымды концерттік бағдарламасын тарту етті.
Ширек ғасырдан астам тарихы бар ұжым өз репертуарындағы «алтын сандыққа» жиналған ең үздік, таңдаулы қойылымдарын ұсынды.
«Қазына» халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Зәуре Бекембайқызының жетекшілігімен дайындалған бірегей хореографиялық композициялар жоғары деңгейде орындалды. Ансамбльдің 70-тен астам биінің ішінен іріктелген қазақтың фольклорлық туындылары мен әлем халықтарының билері мерекелік бағдарламаның ажарын ашты.
Қазақ рухын асқақтататын құдіретті музыка, көздің жауын алатын сахналық костюмдер нағыз эстетикалық ләззат сыйлады.
«Қазына» халық би ансамблі қазақ мәдениетін әлемдік сахналарда дәріптеп жүрген ұжым. Бүгінгі концерт мерекенің сәнін келтіріп, Шымкент аспанын өнер нұрына бөледі.
Өнерді бағалап, бірге болған барша көрерменге алғыс айтамыз! Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-til/press/news/details/1188684?lang=kk

Жауап қалдыру