
Будапешт, 2026 жылғы 27 наурыз – Мажар тарапының бастамасымен Будапешт қаласында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің сыртқы саясат және қауіпсіздік мәселелеріне жауапты жоғары лауазымды тұлғаларының басқосуы өтті.
Қазақстан тарапынан жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ернар Лазар қатысты.
Кездесу барысында жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасу орын алды. Әсіресе, жаһандық жеткізу тізбектерінің орнықтылығы тұрғысынан көлік-транзит саласындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңыздылығы атап өтілді.
Осы орайда қазақ тарапы Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) өңірлік экономикалық ықпалдастықты ілгерілетудегі рөлін жоғары бағалады. Сауда, инвестиция, энергетика және көлік-логистика бағыттарындағы байланыстарды тереңдете түсудің өзектілігіне назар аударылып, бұған дейін осы мәселелер бойынша жоғарғы деңгейдегі уағдаластықтарды жүзеге асыру маңызына ерекше тоқталды.
Е.Лазар Қазақстанның ТМҰ-ға мүше мемлекеттермен өзара сауда көлемі 13 миллиард долларға жеткенін айтып, мұны экономикалық ынтымақтастықтың сапалық тұрғыдан жаңа белеске көтерілгенінің айғағы екеніне наза аударды.
Басқосу аясында өңірлік өзара ынтымақтастықты күшейтудің басты тетіктерінің бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізі шеңберіндегі ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Бұл стратегиялық бағыт сауда ағындарын ұлғайтып, инвестиция тартуға жол ашатын маңызды фактор болып табылатыны баса айтылды.
Е.Лазар алдағы кезеңде түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында ТМҰ бейресми саммиті өтетінін хабарлап, оның жасанды интеллект пен цифрлық даму тақырыптарына арналатынын жеткізді.
Сонымен қатар іс-шара шеңберінде Қазақстан мен Мажарстан делегациялары арасында екіжақты келіссөздер өтті.
Тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы және Мажарстан Президенті Тамаш Шуйоктың 2025 жылғы өзара сапарлары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы мен нәтижелерін талқылады.
Кездесу соңында Е.Лазар Мажарстан Премьер-министрінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бас кеңесшісі Марцел Бироны Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге шақырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1188986?lang=kk

Жауап қалдыру