
Депутаттар нысандарды аралады
Бүгін 26 наурыз күні Қызылорда қалалық мәслихатының кезекті сессиясында қаралатын негізгі «Тасбөгет және Белкөл кенті әкімдерінің атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы есебі» мәселелерін алдын ала талқылау мақсатында қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев, депутаттармен бірге бірқатар нысандарды аралады.
Депутаттық аралауға Тасбөгет және Белкөл кенттерінің әкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағалары, мәдениет үйлері директорлары мен емхана басшылары, кент тұрғындары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Ең алдымен депутаттар Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің жағдайымен танысты.
С.Майқанова атындағы мәдениет үйі 1989 жылы пайдалануға берілген. Мәдениет үйінде 35 қызметкер жұмыс жасайды. 2014 жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта ғимаратттың қасбеттеріне толықтай заман талабына сай күрделі жөндеу жұмыстарын жасау қажет етілуде. Сонымен қатар, абаттандыру жұмыстарын толықтай жүргізіп, ескіріп, тозығы жеткен брючаткаларды жаңарту қажет.
Одан кейін, депутаттар Қазіргі таңда Тасбөгет кентіндегі бұрынғы орталық мәдени демалыс паркінің аумағында пайдаланылмай бос жатқан жер телімін көруге барды. Аталған саябақ жаңартылып, абаттандырылған жағдайда кент халқының демалуына, серуендеуіне, балалардың ойнауына қолайлы орын болады.
Депутаттық аралау барысында депутаттар Тасбөгет кенті, Ақсуат, Ақжарма ауылдық округтері мен елді мекендерін және саяжайларын қоса алғанда барлығы 40 мыңнан астам халыққа қызмет көрсететін №4 қалалық емхананың жағдайымен танысты.
№4 қалалық емхана 1984 жылы пошта қызметіне арналып салынған ғимаратта орналасқан. 2006 жылы толық күрделі жөндеуден өткізілгенімен, қазіргі таңда қолданыстағы құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты, талапқа сәйкес келетін дайын жаңа ғимаратқа көшу немесе жаңа ғимарат салу қажеттілігі туындауда.
Одан кейін, депутаттары Белкөл кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайымен танысты. Белкөл кентіндегі бес қабатты 1, 11, 12 тұрғын үйлер 1988-1990 жылдары пайдалануға берілген. Пәтер саны – 271, тұрғындар саны – 1047.
2025 жылы қала бюджетінен қаражаттар бөлініп, кенттегі көпқабатты №1, 11, 12 үйлердің шатырлары жөнделіп, аулалары абаттандырылған балалар ойын алаңы салынған. Сонымен қатар, қазіргі уақытта №1, 11, 12, 12А көпқабатты үйлерге ыстық су жүргізілуде. Аралау барысында тұрғындар тарапынан аталған тұрғын үйлердің сыртқы келбетіне әктеу, әрлеу жұмыстарын жүргізу, балалар ойын алаңына жасанды төсеніш төсеу, жалдамалы пәтер үйлерінің иелерімен түсіндірме жұмыстарын жүргізу мәселелері көтерілді. Мәслихат төрағасы И.Құттықожаев мәселені тұрғын үйді қайта жаңғырту бағдарламасы арқылы шешуді қарастыру, сонымен қатар, кент әкімі Ж.Сәдуге учаскелік полиция қызметкерімен бірлесе жалдамалы пәтер тұрғындарымен тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Аралау соңында депутаттар Белкөл кенттік клуб үйінің жағдайымен танысты. Белкөл кенттік клубының ғимараты сауда үйі болып 1987 жылы салынған. 2007 жылдан бастап кенттік клуб ретінде қызмет етіп келеді. Клуб үйі орталық жылу жүйесіне орталықтандырылған.
Депутаттық аралау барысында заманауи мәдениет үйі құрылысын салуды шешу жолдарын қарастыру, қазіргі клуб ғимаратына ауыз су жүргізу, жылжымалы LED-экран алу мәселесі ұсынылды.
Аралау барысында көтерілген барлық ұсыныстар алда өтілетін кезекті сессияның қарауына шығарылатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-orda/press/news/details/1189006?lang=kk

Жауап қалдыру