Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2024–2029 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы негізінде азаматтарға бағытталған сервистік мемлекеттік аппарат қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Қазіргі әлемдік практикада мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделі айтарлықтай белсенді дамуда.
Мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделінің негізінде бір жағынан, ел азаматтарының, екінші жағынан, мемлекеттік қызметтің өзара міндеттемелерін бекітетін нормалар қамтылады.
Осыған байланысты, Агенттікпен мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың өтініштерін жедел қарау мақсатында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, адамға бағдарланған сервистік аппарат қалыптастыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердегі ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету және саланы цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет көрсету саласында цифрлық технологиялардың рөлі айрықша артып келеді. Азаматтардың уақытын үнемдеу, мемлекеттік органдармен байланыс орнатуды жеңілдету және қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында түрлі онлайн платформалар іске қосылуда. Солардың бірі – Telegram мессенджеріндегі “EgovKzBot2.0” бот-платформасы.
Аталған цифрлық сервис азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алу барысында туындайтын мәселелер бойынша уәкілетті органдармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бот арқылы қызмет алушылар мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, туындаған проблемаларды жедел жеткізе алады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге және ашықтықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
«EgovKzBot2.0» платформасының тағы бір маңызды ерекшелігі – оның қолжетімділігі. Азаматтар кез келген уақытта Telegram арқылы тиісті мемлекеттік органға өтініш немесе шағым жолдай алады. Осылайша, мемлекеттік қызмет көрсету барысында кездесетін кедергілерді жедел анықтап, оларды шешуге мүмкіндік туады.
Агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаменті тарапынан да аталған бот арқылы азаматтармен тұрақты кері байланыс орнату жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 71 қызмет алушымен байланыс орнатылып, олардың өтініштері қаралды. Оның ішінде орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің қызметіне қатысты 66 өтініш, ал жергілікті атқарушы органдардың қызметіне байланысты 5 өтініш қаралған. Нәтижесінде 9 азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Түскен шағымдардың басым бөлігі әлеуметтік қамтамасыз ету, білім беру, құқық қорғау және өзге де салалардағы мемлекеттік қызметтерге қатысты болған. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда қызмет көрсету барысында кездесетін техникалық ақаулар мен рәсімдеу тәртібіне байланысты мәселелер де анықталды.
Азаматтардың өтініштері негізінде Департамент қызметкерлері тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізіп, туындаған мәселелердің шешілуіне ықпал етті. Мәселен, тұрғын үйге қатысты құжаттарды рәсімдеу, әлеуметтік төлемдер алу немесе мемлекеттік қызметтер бойынша ақпараттық жүйелердегі сәйкессіздіктерге байланысты түскен өтініштер қаралып, азаматтарға тиісті түсіндірмелер берілді.
Солардың бірі, азамат Е, тұрғылықты пәтерінің техникалық жоспарын өзгерту үшін, «…техникалық мәліметтерін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесіне енгізу жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын сәйкестендіру..» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша, мемлекеттік қызметті ұсынушы мекемеге жүгінгендігін. Алайда, көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижесінде берілген құжаттарының қате рәсімделгендігі жөнінде бот арқылы өтініш жолдады.
Аталған өтініш негізінде Департамент қызметкерлерінің араласуымен азамат Е-нің пәтерінің техникалық құжаттарының дұрыс нұсқасы ұсынылды.
Жалпы алғанда, «EgovKzBot2.0» платформасы – мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталған маңызды құрал. Бұл жүйе азаматтардың құқықтарын қорғауға, олардың мәселелерін жедел шешуге және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында мұндай платформалардың маңызы арта түсері анық. Себебі олар мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін халыққа барынша жақындатып, тиімді әрі қолжетімді етуге жол ашады.
Егер мемлекеттік қызмет алу барысында қандай да бір қиындықтар туындаса немесе заңбұзушылықтарға тап болсаңыз, EgovKzBot2.0 Telegram-боты арқылы немесе Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне жүгінуге болады.
Азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жұмағұлов Тоқтамыс Қадошұлы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша департаментінің
басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1187582?lang=kk

Жауап қалдыру