
23 наурыз — Наурызнама онкүндігі аясындағы «Тазару күніне» орай ауданымыздағы Сайран көлінің жағалауында ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шаралардан кейін аумақты ретке келтіруге бағытталған бұл шараға аудан әкімдігінің қызметкерлері, полиция және төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері, ардагерлер ұйымы, әлеуметтік қызметкерлер мен белсенді жастар жұмыла қатысты.
Тазалық жұмыстары барысында мереке өткен орындар қоқыстан толық арылып, жағалаудың эстетикалық келбеті қалпына келтірілді. Бұл шара — бұған дейін дәл осы аумақта өткен Наурыз тойынан кейінгі табиғатты қалпына келтіруге және қаланың көркеюіне бағытталған маңызды қадам болып табылады. Мұндай акциялар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді. Аудан әкімдігі тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыратынын жеткізді және барша қала тұрғындарын ортақ іске белсенді атсалысуға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-auezov/press/news/details/1187355?lang=kk

Жауап қалдыру