Сайран жағалауындағы сән-салтанат: Әуезов ауданында Наурыз мейрамы ауқымды түрде атап өтілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласының Әуезов ауданында, Сайран көлінің жағалауында Наурыз мейрамы бұрын-соңды болмаған ауқымда атап өтілді. 21 наурыз күні ұйымдастырылған салтанатты шараға 10 000-ға жуық тұрғын мен қала қонақтары жиналып, ұлттық мерекенің куәсі болды. Көл жағасында арнайы тігілген 10-нан астам киіз үй нағыз этноауылдың бейнесін жасап, келушілерге қазақтың бай мәдениеті мен салт-дәстүрін паш етті. Мереке аясында ұйымдастырылған гастрофестиваль барысында жұртшылық ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелік дастарқанның мәзіріне қанықты.
Мерекенің спорттық бөлімі де тартысты өтті. Ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарда қатысушылар бақ сынап, жеңімпаздар анықталды. Бұл додаларға Олимпиада чемпионы Нариман Құрбанов арнайы келіп қатысып, жас спортшыларға жігер беріп, қолдау көрсетті. Сонымен қатар, қолөнер шеберлері мен жас суретшілердің көрмесі көпшіліктің назарын аударып, балалар үшін арнайы ойын-сауық аттракциондары жұмыс істеді.
Кештің басты оқиғасы ретінде елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертті атап өтуге болады. Сахна төрінде Сейфуллин Жолбарыс, Нұрлан Албан, Ернар Айдар, Қайрат Түнтеков, Кенжебек Жанәбілов, Диана Шарапова және Гүлмира Ақүрпекова секілді әншілер тамаша туындыларын орындады. Сондай-ақ «Алашұлы» және «Ұлытау» этно-рок топтарының жалынды өнері мерекенің ажарын ашып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-auezov/press/news/details/1187338?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді