
Шығыс Қазақстан облысында «AMANAT» партиясы жанындағы «Miras» республикалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиын барысында кеңестің атқарған жұмыстарының қорытындылары, мәдени саясатты дамыту бағыттары және өңірдің туристік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Отырысқа облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жанат Мекеева, өңірлік кеңес мүшелері, мәдениет, білім және туризм саласының өкілдері қатысты.
«Біз үшін «Miras» республикалық кеңесінің көшпелі отырысын өткізу – үлкен мәртебе. Бұл – мәдениет, рухани даму және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы өзекті мәселелерді шешуге мемлекет, қоғам және сарапшыларды біріктіретін беделді диалог алаңы. Шығыс Қазақстанда мәдени инфрақұрылым жүйелі түрде дамып, дарынды жастардың әлеуетін ашуға жағдай жасалуда. Театрлар, мұражайлар, кітапханалар, облыстық мәдениет үйлері ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ басшысының айтуынша, өңірде мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, заманауи форматтағы іс-шаралар саны артып келеді, тұрғындардың мәдени өмірге қатысу белсенділігі де өсуде.
Шығыс Қазақстанның туризм орталығы ретіндегі орны айқындалып келеді. Алтай, Марқакөл, Катонқарағай, Зайсан, Бұқтырма және басқа да туристік нысандар қазақстандықтармен қатар шетелдік қонақтар үшін де сұранысқа ие бағытқа айналуда.
Жиын барысында Жанат Мекеева «Miras» өңірлік кеңесінің атқарған жұмыстары туралы баяндама жасаса, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов өткен жылы ұйымдастырылған іс-шаралар жөнінде айтты.
«Алғаш рет өткізілген «Бұқтырма балықшысы – 2025» фестивалі дәстүрлі балық аулау мәдениетін ұлттық құндылықтармен ұштастырып, қысқы туризмнің дамуына серпін берді. Өңірдегі ірі мәдени оқиғалардың бірі – Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі болды. Бұл іс-шара түркі халықтарының ортақ тарихи тамырларын нығайтып, Шығыс Қазақстанның туристік имиджін арттырды. Сондай-ақ 140 бүркітші қатысқан «Шығыс салбурыны» халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. Ал қысқы туризмді дамытуға арналған «Аяз ата, Ақшақар – 2025» халықаралық фестивалі өңір тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады», – деді басқарма басшысы.
ШҚО туризмді дамыту кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазановтың айтуынша, туризмді дамытуда тек табиғи әлеуетке ғана емес, цифрландыруға, қолжетімділікке, сервистің сапасына және қызмет көрсету мәдениетіне де басымдық беру қажет. Сонда ғана өңір тартымды туристік бағытқа айналады.
«Туристік аймақтарда жол, санитарлық тораптар, автотұрақтар, байланыс сапасы, интернет, қауіпсіздік, жағажайлар мен демалыс орындарының қолайлылығы толық қамтамасыз етілуі тиіс», – деді ол.
Кеңес тарапынан жол бойындағы туристік навигацияны күшейту, музей ісін жаңғырту, көлік қатынасын оңтайландыру және баламалы жылдам бағыттарды дамыту ұсынылды.
Туризм саласына кадр даярлаумен Шығыс Қазақстандағы С. Аманжолов атындағы университет 20 жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Қазіргі таңда мұнда «Туроператор», «Гид-экскурсовод», «Туризм менеджері» сияқты микробіліктіліктер енгізілген. Сонымен қатар туризммен байланысты салалар бойынша – орман ресурстары, аңшылықтану, ара шаруашылығы бағыттарында да білім беру бағдарламалары ашылған.
Биыл өңірде халықаралық фестивальдер, республикалық деңгейдегі айтыстар және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған арнайы мәдени жобалар өткізу жоспарланған.
Мәселен, 26 наурызда алғаш рет «Алтайым алтын – бесігім» командалық айтысы өтті. Ал 10–11 шілде күндері өңірдің халықаралық деңгейде танылуына ықпал ететін басты жобалардың бірі – «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалі ұйымдастырылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1187540?lang=kk

Жауап қалдыру