ШЫМКЕНТ: «Астана» алаңында «ОРКЕСТРЛЕР ТАРТЫСЫ» өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесіне орай Шымқала төрінде бұрын-соңды болмаған айтулы «Оркестрлер тартысы» өтті.

«Астана» алаңына жиналған қалың көрермен қазақтың төл өнері мен әлемдік классиканың ғажайып синтезіне куә болды. Бір сахнада Шымкент қаласы әкімдігінің Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі мен Симфониялық оркестрі тоғысып, нағыз рухани кеш сыйлады.

Кеш шымылдығын ашқан Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі Құрманғазының рухты күйлері мен Нұрғиса Тілендиевтің «Атадан мұра», «Саржайлау» туындыларын орындап, көрерменді тәнті етті.
Опера өнерінің салтанаты Симфониялық оркестр – Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің жауһар туындыларын паш етті. Салтанат Жұмаділдаева, Ерлан Жандарбай, Үралхан Сейілбекова секілді өнерпаздардың дауысы алаңды асқақтата түсті.

Бағдарламаның шарықтау шегі — екі оркестрдің музыкалық дуэлі болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші Арман Жүдебаевтың дирижерлік етуімен Моцарттың «Фигароның үйленуі», Бизенің «Кармен» увертюралары кезектесе орындалып, соңында қос ұжым Н. Тілендиевтің «Махамбет» күйін бірігіп орындағанда тыңдарман қауым ерекше толқынысқа бөленді.

Мерекелік көңіл-күй сыйлаған кеш мәдениет пен өнердің биік деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, ұлттық рухты асқақтатқан бірегей оқиға болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-til/press/news/details/1188692?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді