
⚜️Тамды ауылында көктемнің көгілдір лебі есіп, табиғатпен бірге түлеген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде, айрықша сән-салтанатымен аталып өтті. Алаңға ағылған халықтың қарасы қалың болып, шаттық пен қуанышқа толы ерекше көңіл-күй салтанат құрды.
☀️Мереке көркін қыздырған киіз үй әр бой көтеріп, қазақы рухтың айшықты бейнесін танытты. Ақ дастархан жайылып, береке мен ынтымақтың белгісіндей жарқырады.
🔹Мерекелік жиында округ әкімі Нуртазин Марат Құдайбергенұлы тұрғындарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтап, жүрекжарды ізгі тілегін жеткізді.
Ол өз сөзінде бірлік пен татулықтың, өзара сыйластық пен ынтымақтың маңызын ерекше атап өтіп, бұл құндылықтардың елдің берекесі мен тұрақтылығының негізі екенін әсерлі жеткізді. Сондай-ақ, көктеммен бірге келген жаңару мен жақсылықтың әр шаңыраққа құт-береке, қуаныш пен молшылық әкелуін тілеп, ақжарма ниетін білдірді.
🎤Сахна төрі шаттықтың шырағына айналып, мерекелік концерт көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады. Күмбірлеген күй мен әуелеген ән көктемнің нәзік лебіндей жанды тербеп, мың бұралған бишілердің әр қимылы ұлттық өнердің көркем өрнегін айшықтай түсті.
🔸Сонымен қатар, алаңда ұлттық ойындар ұйымдастырылып, думанның көркі қыза түсті. Арқан тартыс, гір көтеру, асық ату, қазақ күресі секілді сайыстарда білекті де жүректі азаматтар бақ сынап, көрерменге нағыз тартысты сәттер сыйладв. Әрбір додада ұлттық рух пен намыс айқын сезілді.
✨Көктемнің нұрымен астасқан бұл мереке жай ғана думан емес, ұлт руханиятының жаңғырып, жаңаша тыныс алғанының айқын көрінісі болды. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-alga-tamdy/press/news/details/1188582?lang=kk

Жауап қалдыру