
Ташкент қаласында өткен «TASHKENT FEST» халықаралық жасөспірімдер мен балалар өнер байқауы талант пен шабыттың тоғысқан үлкен сахнасына айналды. Бұл байқау – жас өнерпаздардың шығармашылық әлеуетін шыңдап, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған маңызды мәдени алаң.
Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстан елдерінен келген дарынды балалар өнер додасында бақ сынап, өз шеберліктерін паш етті. Солардың қатарында Май ауданы, Ақжар орта мектебінің «Шабыт» үйірмесі де лайықты өнер көрсетті.
Жас өнерпаздар сахна төрінде «Нан кепиеті» атты тағылымды көрінісін ұсынып, Шахан Мусинның «Наркомға хат» өлеңін көркемсөз жанрында мәнерлеп оқыды. Олардың шынайы орындауы мен сахналық мәдениеті көрермендердің жүрегіне жол тауып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Нәтижесінде, «Авторлық шеберлік» номинациясы бойынша топ жарып І орынды, ал «Көркемсөз» жанры бойынша ІІ орынды иеленді. Жеңімпаздарға кубок, дипломдар мен медальдар табысталды.
Үйірме жетекшісі Кучукова Роза Амантаевнаның кәсіби жетекшілігімен, «Балалар және театр» жобасы аясында дайындалған бұл өнер туындысы көктемгі каникул күндерінде жүзеге асып, шәкірттердің шығармашылық ізденісіне ерекше серпін берді.
Бұл жеңіс – тек бір ұжымның жетістігі ғана емес, жас ұрпақтың өнерге деген құштарлығы мен талпынысының жарқын көрінісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1188244?lang=kk

Жауап қалдыру