
Темір ауыл округінде қоршаған ортаны қорғау және санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған «Таза бұлақ» экологиялық акциясы өтті. Аталған шара – елді мекен аумағындағы су арналарының тазалығын сақтау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Акция барысында ауыл округіне қарасты арық-атыздар бойында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізіліп, су арналары қоқыстардан тазартылып, бітеліп қалған арық көздері ашылды. Бұл өз кезегінде су айналымының қалыпты жүруіне оң әсерін тигізеді.
Іс-шараға ауыл тұрғындары, «Темір ауыл округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері белсене қатысып, ортақ іске жұмыла атсалысты. Қатысушылардың ұйымшылдығы мен жауапкершілігі нәтижесінде белгіленген аумақтар толықтай тазартылып, ретке келтірілді.
Мұндай экологиялық акциялар тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастырумен қатар, туған жерге деген жанашырлықты арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Темір ауыл округі әкімдігі тарапынан қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1187630?lang=kk

Жауап қалдыру