ТАЗАРУ КҮНІ: АРЫСҚА КІРЕР ҮШ БАҒЫТ ЖАСЫЛЖЕЛЕККЕ ОРАНАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Наурызнама онкүндігі аясында 23 наурыз – Тазару күніне орай қаламызда жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Экологиялық шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев, қала ардагерлері, жастар және түрлі мекеме ұжымдары белсенді қатысты.
Игі бастама алдымен «Қасірет» мемориалы аумағында қолға алынды. Мұнда тазалық жұмыстары жүргізіліп, аумақ ретке келтірілді, сондай-ақ жас көшеттер отырғызылды.
Сенбілік жұмыстары бұдан әрі «Арыс – Шардара» айналма жолы бойында жалғасты. Бұл аумақта да жасыл желек отырғызылып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар жасалды. Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тапсырмасына сәйкес, биыл облыстық маңызы бар осы жолдың Арыс қаласына тиесілі бөлігі толықтай жасыл желекке орау көзделген. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстардың шамамен 80 пайызы орындалған.
Отырғызылған әрбір көшеттің күтімі мен өсіп-өнуі «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бақылауында болады. Алдағы уақытта бұл бастаманың нәтижесінде Арыс қаласына кіреберістегі үш бірдей қақпа жасыл желекке оранып, қала келбетіне ерекше сән бермек.
Бұдан бөлек, қала аумағында белгіленген 17 секторда да кең ауқымды тазалық шаралары жүргізілді. Мекемелер, ұжымдар, кәсіпорындар және қала әкімдігінің дербес бөлім қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарды қоқыстан тазартты. Ал коммуналдық қызмет мекемелері жиналған қоқыстарды дер кезінде тасымалдап, тиісті орындарға жеткізуді ұйымдастырды.
Осылайша, Тазару күні аясындағы сенбілік қала тұрғындарының бірлігі мен жауапкершілігін айқындап, Арыстың көркеюіне бағытталған игі істердің жарқын үлгісіне айналды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1187356?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді