ТҮРКІСТАН: НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНДА ШАРДАРАДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Наурыз мейрамында Шардара ауданында ел игілігіне арналған бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу салтанаты өтті. Бұл игі шара Сүткент және Көксу ауылдық округтерінде жалғасып, тұрғындарға ерекше қуаныш сыйлады.
Алдымен Сүткент ауылдық округінде заманауи талаптарға сай салынған жаңа спорт залы пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады.
Жаңа спорт залы бір мезетте 60 балаға дейін қабылдай алады. Мұнда жаттықтырушылар бөлмесі, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері, сондай-ақ заманауи жабдықталған күрес залы қарастырылған.
Салтанатты сәтте аудан әкімі спорт залына заманауи түрлі түсті теледидар сыйға тартып, ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа алғыс хаттар табыстады.
Мұнан соң аудан басшысы Көксу ауылдық округіндегі жаңа мәдениет орталығының ашылу рәсіміне қатысты. Жиналған көпшілікті әз-Наурыз мейрамымен құттықтаған аудан әкімі бұл нысанның ауыл тұрғындары үшін рухани жаңғырудың алтын ордасына айналатынын ерекше атап өтті.
Салтанатты жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар марапатталып, олардың еңбегі ел алдында жоғары бағаланды. Сонымен қатар мәдениет орталығы аумағында Халық қаһарманы Мәулен Қалмырзаның ескерткіш бюсті орнатылып, батыр рухына тағзым жасалды. Бұл – ұрпақ санасына отансүйгіштік рух дарытатын қадам екені сөзсіз.
Орталықта кең әрі жарық кітапхана, кездесулер мен жиындарға арналған мәжіліс залы, ардагерлер бөлмесі, ауыл тарихынан сыр шертетін мұражай, ұлттық өнерді дәріптейтін қолөнер кабинеті және басқа да мәдени бағыттағы бөлімдер қарастырылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1187348?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді