
Алматыда Қазақстанның күштік құрылымдары арасындағы қазақ күресінен өткен ашық чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Министрлік ұйымдастырған жарыс Армия орталық спорт клубында өткізілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Даурен Косанов, Парламент депутаттары, Әскери-қолданбалы спорт түрлері федерациясының президенті Болат Байжан және қазақ күресі федерациясының бірінші президенті Ерғали Мұхадинов қатысты. Турнирге Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Шекара қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық ұланнан барлығы 200 спортшы қатысты.
Қазақ күресінен төменде аталған салмақ санаттары бойынша жеңімпаздар анықталды. Олар 60 келіге дейін – Бекжан Тепенов (АОСК), 66 келі – Ернұр Сүлеймен (АОСК), 74 келі – Жұмажан Қожамбеков (АОСК), 100 келі – Аян Байғазов (Десанттық-шабуылдау әскерлері). Екінші орын 55 келіге дейін – Мұхтар Әлиевке (АОСК), 66 келі – Диас Дәулетовке (Десанттық-шабуылдау әскерлері), 82 келі – Жұман Мұхамеджанға (АОСК), 100 келі – Ақылжан Тұрсынбекке (АОСК), 100 келіден жоғары – Әділ Оразбаевқа (АОСК) бұйырды. Үшінші орынды 55 келі салмақта – Арсен Асқарбек («Оңтүстік» ӨңҚ), 60 келі – Дәурен Сүйкенов (Десанттық-шабуылдау әскерлері), 66 келі – Кемелбек Молдаш (Әуе қорғаныс күштері) және Жандос Жанәділ («Шығыс»ӨңҚ), 74 келі – Ислам Тоқтасын (Десанттық-шабуылдау әскерлері), 82 келі – Нұрдәулет Бақтыбайұлы («Оңтүстік» ӨңҚ), 90 келі – Айдар Бескемпір (АОСК) және Айбек Балабек (Десанттық-шабуылдау әскерлері), 100 келі – Ертуған Теренов , («Оңтүстік» ӨңҚ), 100 келіден жоғары – Асылхан Қуанышбеков және Нұртөре Оралов (екеуі де 32039 әскери бөлімінен) олжалады.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар барынша шеберліктерін, жеңіске деген ерік-жігерін, спорттық қағидалар мен дәстүрлерге адалдығын көрсетті.
Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстанның күштік құрылымдарының құрамасы жасақталады. Алда олар әскери қызметшілер арасында өтетін әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайтын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1189118?lang=kk

Жауап қалдыру