
Қызылорда қаласында «Ұлт мұрасы – ұлттық киім» атты салтанатты шеру ұйымдастырылды. Ы. Жақаев көшесінен бастау алған бұл мәдени шараға мыңға жуық адам қатысып, ұлттық болмыс пен дәстүр сабақтастығын айшықтай түсті. Рухани шараға мәдениет саласының үздіктері мен «Сырлы саз» этно-фольклорлық ансамблімен қатар, этномәдени бірлестіктер өкілдері, Ассамблея жастары және «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері де ерекше белсенділікпен атсалысты.
Шеру барысында ұлттық киіммен көмкерілген өнерпаздар халық әндерін шырқап, Өнер арбатында «Қаражорға» биі мен «Күміс домбыра – 2025» иегері Бексұлтан Орынбасардың жүрекжарды арнауына ұласты. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ұлттық киімнің әрбір ою-өрнегінде халқымыздың терең тарихы мен рухани коды жатқанын атап өтті. Бұл ауқымды шара қазақтың бай мәдени мұрасын дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті нығайтуды мақсат етті. Дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырған жарқын мереке қала тарихында ерекше із қалдырып, Наурыздың шуақты көңіл-күйін асқақтата түсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-sayasat/press/news/details/1187066?lang=kk

Жауап қалдыру