
Түркістан төрінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Қаладағы жаңа, заманауи атшабар ресми түрде ашылып, бұл тарихи сәт кең көлемді мәдени-көпшілік іс-шарамен ұштасты.
Алдымен ұлттық спорттың бірнеше түрінен әлемдік деңгейдегі сайыстарды қабылдаған атшабар Наурыз мейрамының да сәнін келтірді. Мыңдаған көрермен жиналған думанды кешке Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды әз-Наурызбен құттықтады.
Жаңадан ашылған атшабар – тек спорттық нысан емес, ұлттық дәстүр мен мәдениетті жаңғыртатын, халықаралық деңгейдегі ірі шараларды өткізуге мүмкіндік беретін бірегей кешен. Заманауи талаптарға сай салынған алаңда ұлттық ат спорты ойындары, мәдени фестивальдер мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге толық жағдай жасалған. Бұл – Түркістанның туризм және мәдени орталық ретіндегі әлеуетін арттыра түсетін маңызды жоба.
Мерекелік бағдарлама аясында Сауран, Ордабасы және Созақ аудандарының өнерпаздары сахна төріне шығып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әр ауданның шығармашылық ұжымдары ұлттық ән-күй мен заманауи туындыларды үйлестіре отырып, көрермен ықыласына бөленді. Халық әндері шырқалып, термелер орындалып, мың бұралған билер мерекенің көркін аша түсті.
«Қош келдің, көктем» театрландырылған қойылымы ұсынылып, жүздеген өнерпаз қатысқан сахналық көріністерде қазақ халқының салт-дәстүрі, жаңару мен береке, табиғаттың түлеп, тіршіліктің жандануы әсерлі түрде бейнеленді. Сонымен қатар этно-фешн сән көрсетілімі ұйымдастырылып, ұлттық киімдер жаңа форматта ұсынылды.
Кешкі гала-концертте қазақ эстрадасының жұлдыздары Ернар Амандық, Ізбасар Кеңесов, Қазыбек Құрайыш, Артур, Әлем және облыстың өнерпаздары сахнаға шығып, мерекелік кештің шырайын кіргізді. Халық сүйіп тыңдайтын әндер орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Кеш соңы бұрын-соңды Түркістанда болмаған ауқымды отшашу шоуымен түйінделіп, Наурыз мерекесінің ажарын аша түсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1187087?lang=kk

Жауап қалдыру