
Түркістан қаласындағы жаңа атшабарда 19-21 наурыз күндері аралығында жамбы атудан ересектер арасында Наурыз мейрамына арналған Түркістан облысының ашық кубогы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттық спортты дәріптеуге бағытталған байрақты бәсеке өңірдің үздік мергендерін бір алаңға жинады.
Дәстүрлі садақ ату өнерінің «Азия стилі» бойынша өткен жарысқа 16 спортшы қатысып, мергендік пен ептіліктің нағыз үлгісін көрсетті. Қатысушылар ат үстінде нысана көздеп, өз шеберліктерін көрсетті.
Тартысты өткен дода қорытындысы бойынша І орынды Бексауыт Батыр, ІІ орынды Сарыбай Айтбек және ІІІ орынды Үсен Ақберен иеленді.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Бұл турнир – жамбы атудың өңірдегі қарқынды дамып келе жатқанын көрсетіп қана қоймай, ұлттық мұраны жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Түркістандағы жаңа атшабар ұлттық спортты дамытуға өте қолайлы орын екенін дәлелдеді.
Айта кетейік, жаңа атшабардың ресми түрде ашылу салтанаты өтіп, оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысты. Халықаралық атшабар кешенінің жалпы аумағы – 99,5 гектар. 1500 орындық, үш қабатты трибунасы бар заманауи ғимарат, конкурға арналған жабық манеж, аттарға арналған 4 жабық және 2 жаздық қора, көліктерге арналған гараж, қойма, сондай-ақ ветеринариялық блок пен зертхана қарастырылған. Ұзындығы 2640 метр болатын бәйге жолы мен көкпар алаңы халықаралық талаптарға сай салынған. Көкпар алаңында тікелей көрсетілім жүргізетін LED экран орнатылған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1187092?lang=kk

Жауап қалдыру