
Алматы облысындағы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Бутакты» визит-орталығы ашылды. Аталған шара ұлттық парктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Жобаны «Туранга Групп» компаниясы ұлттық паркпен әріптестікте жүзеге асырды. Алматы қаласының әкімдігі электр желілерін тарту жұмыстарын қамтамасыз етті. Сондай-ақ жобаны іске асыру барысында Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті қолдау көрсетті. Визит-орталықтың операторы – «Туранга Групп», ал маркетингтік сүйемелдеуді Qazaq National Parks компаниясы жүзеге асырады.
Визит-орталық екі бөліктен тұратын заманауи кешен: негізгі ғимарат және аттас кафе. Мұнда келушілер үшін санитарлық тораптар, тамақтану орны, тимбилдинг пен шеберлік сабақтарын өткізуге арналған алаңдар, ашық аспан астында білім беру және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, келушілерге арналған кәдесый өнімдері ұсынылады.
«Бутакты» жобасы – экологиялық туризмді дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Бүгінде Qazaq National Parks бренді аясында алты визит-орталық ашылған. Жалпы жеке инвестициялар көлемі 8,5 млрд теңгені құрады. 200-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, оның 20-сы жаңа орталыққа тиесілі. 2020–2025 жылдар аралығында еңбекақы қоры 2 млрд теңгеге жетіп, салық түсімдері 700 млн теңгені құрады.
Туристік инфрақұрылымның дамуы ұлттық парктерге келушілер санының артуына оң әсер етуде. Мәселен, Іле-Алатау ұлттық паркінде туристер саны 2019 жылғы 300 мыңнан 2024 жылы 1 миллионға жуық көрсеткішке дейін өсті. Ал Шарын ұлттық паркінде бұл көрсеткіш 50 мыңнан 250 мыңға дейін, яғни бес есеге артқан.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, алдағы уақытта мұндай орталықтардың саны арта береді. Бұл туристер ағынының жыл сайын өсуімен және қазақстандықтардың тау туризміне қызығушылығының артуымен байланысты. Оның сөзінше, «Бутакты» визит-орталығы экологиялық туризмді дамытуға және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосады.
Ашылу салтанаты барысында визит-орталықтың символикалық іске қосылуы өтті. Қонақтарға мәдени бағдарлама ұсынылып, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, кір тасын көтеру, армрестлинг, садақ ату, дәстүрлі тағамдар дайындау бойынша шеберлік сабақтары, ұлттық киімдермен фотосессия және қолөнер жәрмеңкесі өтті.
Алдағы жоспарларда Үлкен Алматы көлі маңында жаңа визит-орталық салу көзделген. Жобаның авторы – Глазго қаласының бұрынғы бас сәулетшісі Рикардо Марини.
Аталған жобалар 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Жаңа «Бутакты» визит-орталығы экологиялық ағарту, мәдени және білім беру іс-шараларын өткізуге арналған заманауи алаңға айналып, ішкі туризмді дамытуға және табиғатты қорғау мәдениетін ілгерілетуге ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-sayasat/press/news/details/1189225?lang=kk

Жауап қалдыру