
«Заң мен тәртіп» қағидаты, сондай-ақ Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық олимпиада аясында «Тұран-Астана» университетінің 2-3 курс студенттеріне цифрлық ортадағы заманауи қауіптер туралы дәріс өткізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Дәріске университеттің 150-ден астам студенті қатысты.
Негізгі тақырыптар қатарында дропперлік, дипфейктер және азаматтар мен ұйымдардың қаржылық қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретін жаңа киберқауіп түрлері қарастырылды. Студенттерге зиянды бағдарламаларды таратуда қолданылатын дропперлердің жұмыс істеу тетіктері, сондай-ақ шынайы көрінетін жалған аудио және бейнематериалдар жасауға мүмкіндік беретін дипфейк технологияларының артып келе жатқан қаупі туралы айтылды.
Іс-шара соңында студенттерге 2026 жылғы Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық олимпиада туралы ақпарат ұсынылды. Қатысушылар олимпиадаға белсенді қатысуға шақырылды. Бұл өз кезегінде білімін сынап көруге, кәсіби дағдыларын дамытуға және республикалық деңгейде өзін танытуға жақсы мүмкіндік екені атап өтілді.
Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық олимпиада – дарынды жастарды анықтауға және қолдауға, сондай-ақ қаржылық құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл саласындағы құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған ауқымды білім беру жобасы. Олимпиада студенттерді, сарапшыларды және салалық ұйым өкілдерін біріктіріп, қаржылық қауіпсіздік саласында білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алаң қалыптастырады.
Дәріс оқыған мамандар жастар арасында сыни ойлау дағдыларын қалыптастырудың және интернеттегі ақпаратқа мұқият қараудың маңыздылығын атап өтті.
Осындай іс-шаралар студенттердің қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ заманауи киберқауіптерге төзімділігін қалыптастыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1189929?lang=kk

Жауап қалдыру