
Көктем-жаз мезгілінде табиғи өрттердің орын алу қаупі айтарлықтай артады. Мұндай жағдайлардың негізгі себептерінің бірі – адами фактор. Құрғақ шөптерді өртеу, табиғат аясында демалу кезінде отты толық сөндірмеу, темекі тұқылдарын бей-берекет тастау – ірі өрттердің шығуына әкелуі мүмкін. Әсіресе желді әрі ыстық күндері өрттің таралу жылдамдығы өте жоғары болады.
Өрттің алдын алу – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осыған байланысты тұрғындарға өз үйлерінің аумағын құрғақ шөптерден, қоқыстан тазарту, жанғыш материалдарды ретке келтіру ұсынылады. Ашық от жағуға және қоқыс өртеуге қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар, әрбір тұрғын үйдің маңында су қоры немесе өрт сөндіру құралдарының болуы маңызды.
Ата-аналар балаларға ерекше назар аударып, оларға отпен ойнаудың қауіпті екенін түсіндіруі қажет. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау арқылы ғана біз табиғатты және адам өмірін сақтай аламыз.
Өртті байқаған жағдайда оны дереу сөндіруге әрекет жасаңыз. Егер қауіп күшейсе, шұғыл түрде 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажет.
Маңғыстау облысы ТЖД мәліметіне сәйкес ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында барлығы 259 объектіні тексеру жоспарланып, оның ішінде 118 объекті профилактикалық бақылаумен қамтылды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 85 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 25 тұлғаға жалпы сомасы 1 699 698 теңге айыппұл салынды.
Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдарында 78 рет сөз сөйленіп, әлеуметтік желілерде 87 материал жарияланды. Оқушылар арасында өрт қауіпсіздігі бойынша 24 интерактивті сабақ және 20 оқу-жаттығу өткізілді.
Өрттің алдын алу – қауіпсіздіктің кепілі!
Маңғыстау облысы ТЖД
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-mangystau/press/news/details/1189972?lang=kk

Жауап қалдыру