Жетісуда көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүруде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жетісу облысында егіс науқаны жалғасып жатыр. Көктемгі дала жұмыстары ауа райының жағдайына қарай өңірдің жеті аудан-қаласында жүргіп жатыр. Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 511,8 мың гектарды құраса, соның 387 мың гектары көктемде себіледі, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, бүгінгі күнге, 43,3 мың гектар сүдігердің ылғалы жабылды, 19,2 мың гектар көп жылдық шөптер тырмаланды, 21,8 мың гектар жер жыртылды.

– Қазіргі кезде облыс бойынша 2275 га егін егілді, соның ішінде Ескелді, Көксу, Кербұлақ, Панфилов аудандарында бидай, арпа, мақсары, көпжылдық шөп себілді. Қант қызылшасын себу шамамен 5 сәуірден басталып, 10 мамырға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Оған облыс бойынша жалпы 124 сепкіш дайындалды. Көктемгі дала жұмыстарына тартылатын 20,3 мың бірлік техника толығымен жөндеуден өтті. Қазіргі кезде 391 шаруа қожалығы 18,7 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алды, сол сияқты операторлар 1,4 мың тонна арзандатылған дизель отынын сатып алды. «Кең дала» бағдарламасы бойынша осы жылы көктемгі дала жұмыстарына 10,8 млрд. теңге бөлінді. Соның арқасында бүгінгі күні 178 шаруашылыққа 4,4 млрд. теңге несие берілді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шампиков.

Егіс науқанына кіріскен шаруашылықтардың бірі Кербұлақ ауданындағы  «Қарашоқы» ЖШС.

– Біздің шаруа қожалығы Сарыбастау ауылдық округінде орналасқан. Қазіргі таңда көктемгі егіс жұмыстарына 23 техника тартылып, шамамен 70 адам жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 2,5 гектар жерге мақсары ектік. Сонымен қатар күнбағыс, картоп, жүгері және жаздық арпа егуді жоспарлап отырмыз. Көктемгі егіс науқанына 200 тонна арзандатылған дизель отынын алдық, – деді серіктестік директоры Алдан Бекиев.

Сол сияқты Ақсу ауданындағы «Жетісуагрокомплекс» ЖШС-да да көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

– Егін егу жұмыстарын 22  наурыздан бастадық. Биыл шаруашылықта жалпы 1475 га жерге дақыл себеміз деп жоспарлап отырмыз. Оған күнбағыс, соя, жүгері, қант қызылшасы себіледі. Қазір ылғал жабу жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген бағамен жанармай, тыңайтқыштарды алып жатырмыз, – дейді серіктестіктің басқарушы директоры Қанат Санияз.

Жалпы биылғы жылдың көктемгі дала жұмыстарына 240 шаруашылық  7,3 млрд. теңге несие алып, қажетті тұқымын, жанар-жағар майын, минералдық тыңайтқыштарын сатып алуда. «ҚазАгроҚаржы» филиалына 15 млрд.теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні 4,5 млрд. теңгеге өтінім түсіп, 1,5 млрд.теңгеге 53 техника сатып алынды.  

Атап өтсек, Жетісу облысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жүйелі ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін тұқыммен, тыңайтқыштармен, жанар-жағармаймен және ауыл шаруашылығы техникасымен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету қарастырылған.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-aksu/press/news/details/1189764?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді