Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенін цифрландырудағы өзекті мәселелерге назар аударды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізіп, жауапты құрылымдарға мал және өсімдік шаруашылығында толық бақылау жүйесін қамтамасыз етуге күш салуды тапсырды.

Министр Президент тапсырмасына сәйкес 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын алға тарта отырып, бұл бағыт аграрлық саланың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, заманауи технологияларды енгізуді жеделдету, өнім сапасын жақсарту және экспорттық әлеуетті күшейту үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында алты негізгі ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Олардың қатарында бірнеше модульден тұратын жануарларды сәйкестендіру жүйесі және экспорт-импорт операцияларын тіркеу жүйесі бар. Соның ішінде төрт жүйе, әсіресе субсидиялау жүйесі өте тиімді жұмыс істеп, нақты нәтиже көрсетуде. Ал екі жүйе бойынша мерзімдердің созылуы және нақты көрсеткіштердің жоқтығы байқалады. Сондықтан, барлық тапсырмалар белгіленген мерзімде қатаң орындалуы тиіс», – деді министр.

Министрлік салалық жүйелерді толық біріктіріп, тиімді деректер алмасуды қамтамасыз ететін бірыңғай аграрлық цифрлық платформаны құру жұмыстарын жалғастыруда.

Мал шаруашылығы саласында деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге, толық бақылау жүйесін қалыптастыруға баса көңіл бөлінеді, Осы мақсатта қолданыстағы жүйелер жаңғыртылуда, оның ішінде «ВетБез»(ветеринариялық қауіпсіздік) жүйесі де бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай жетілдіріліп, кейін бірыңғай платформаға біріктіріледі.

Өсімдік шаруашылығында тұқым мен тыңайтқыштан бастап, дайын өнімді өткізуге дейінгі барлық кезеңді қамтитын бақылау жүйесі қалыптастырылуда. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, жалған есептіліктің алдын алуға мүмкіндік береді.

Субсидиялау жүйесі толықтай цифрлық форматқа көшірілген және мемлекеттік қолдаудың 20 бағытын қамтиды. Биыл мобильді қосымша іске қосылып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге кеңес беретін жасанды интеллект негізіндегі чат-бот енгізіледі деп жоспарлануда.

Негізгі міндеттердің бірі – «е-АӨК» бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыру. Оның шеңберінде салалық деректер қоймасы құрылып, жасанды интеллект негізінде талдау жүйелері дамытылады.

Министр баяндамаларды тыңдап болғаннан кейін, жобаларды іске асыруды жеделдетуді және орындаушылардың жеке жауапкершілігін арттыруды талап етті.

«Барлық мал басы толық сәйкестендірілуі тиіс. Ал өсімдік шаруашылығындағы жүйе фермерге қолайсыздық тудырмайтындай, ыңғайлы болуы керек. Оның міндеті – күрделі жүйелердің әуре сарсаңына түсу емес, сапалы, мол өнім алу», – деді Айдарбек Сапаров.

Одан әрі салалық жүйелерге жасанды интеллект элементтерін қысқа мерзімде енгізуді күшейту тапсырылды. Бұл қызметтердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, министр 2025 жыл дайындық кезеңі есебінде өткенін, ал 2026 жылы сала нақты нәтижелер көрсетіп, толыққанды цифрлық экожүйеге көшуі тиіс екенін баса айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1191171?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді