
«Астана Опера» театрының Павлодар қаласындағы гастролі жоғары табыспен өтті. Елордалық театр ұжымының бағдарламасын шамамен 2000 көрермен тамашалады.
Естай атындағы қалалық Мәдениет сарайының сахнасында павлодарлық көрерменге Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» операсы ұсынылды. Қойылымға театрдың солистері, оркестрі, хоры және миманс әртістері қатысты.
Гастрольдік бағдарлама аясында балалар мен жасөспірімдер аудиториясына ерекше көңіл бөлінді. Жас көрермендер үшін «Музыка сурет салып, әңгімелейді» циклынан интерактивті форматта танымдық концерт өтті. Қатысушылар әлемдік және қазақ музыкалық классикасының туындыларымен танысты.
Концерт бағдарламасына халық әні «Аққурай», Латиф Хамидидің «Бұлбұл» шығармасы, Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйі, сондай-ақ Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні енді. Осылайша, гастрольдік сапар академиялық өнерді, ағартушылық бағытты және ұлттық музыкалық мұраны кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.
Шара аясында Мәдениет сарайының фойесінде тақырыптық фотокөрме ұйымдастырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1189473?lang=kk

Жауап қалдыру