
19 наурыз күні облыстық мәслихат депутаты, Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Бауыржан Сандыбаевтың төрағалығымен сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов пен мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде 8 мәселе қаралды.
Алдымен облыстық мәслихаттың Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, депутат Б.Шәменова «Қызылорда облыстық мәслихатының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2025 жылғы 9 желтоқсандағы № 215 шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселе бойынша хабарлама жасады.
Одан соң, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғ.Еркебай облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы мәселе бойынша хабарлама жасап, одан соң, 2025 жылы басқарма басшысының атқарған жұмыстарының есебі бойынша баяндады.
Ал күн тәртібіндегі облыстың жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшерлемесін белгілеу туралы мәселе бойынша облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Байсынова хабарлама жасап, бірлескен отырыстың алдында өткен тұрақты комиссия отырысында депутат С.Мұстафаның кесенелерді қайта жаңғырту туралы және Н.Әмитовтің Жаңақорған ауданындағы Өзгент қалашығын зерттеу бойынша сауалдарына тиісті жауаптарын берді.
Өз кезегінде облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов өңірдегі тарихи-мәдени мұраларды сақтау мәселесіне айрықша тоқталып, өңір аумағындағы бірқатар тарихи кесенелердің уақыт өте келе тозып, кейбірінің апатты жағдайға жеткенін атап өтті. Бұл мәселенің тек өткеннің мұрасы ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы аманат екенін ерекше жеткізді.
«Ата-бабадан қалған рухани құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, оны кейінгі буынға бүтін күйінде жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып, нақты іс-шараларды бүгіннен бастап қолға алуымыз қажет», – деді мәслихат төрағасы М.Тлеумбетов.
Одан бөлек, күн тәртібінде «Қызылорда облысын басқару схемасын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы; облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрамын бекіту туралы; «Қызылорда облысында ауызсу беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құны субсидиялауға жататын сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесіне енгізілген сумен жабдықтау жүйелерінен берілген ауызсудың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшерін бекіту туралы» облыстық мәслихаттың шешіміне өзгеріс енгізу туралы; облыстық мәслихаттың Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі туралы өзге де мәселелер қаралды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-kzo/press/news/details/1190825?lang=kk

Жауап қалдыру