Өңір басшысы сенаторлармен экономиканы дамыту және бюджеттік әлеует мәселелерін талқылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының делегациясы жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында. Делегацияны Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов бастап келді. Құрамында Сенат депутаттары, бейінді министрліктердің өкілдері және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері бар.

Сапар аясында делегация облыс әкімі Асхат Шахаровпен кездесті. Кездесу барысында тараптар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджеттік саясат, бизнесті қолдау және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Кездесуде сөз бастаған облыс әкімі Асхат Шахаров жыл қорытындысы бойынша өңір тұрақты экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізгенін сөз етті.

«Біз жылды лайықты деңгейде қорытындыладық, негізгі экономикалық көрсеткіштер оң динамика көрсетті. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр, оларды жүзеге асыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Негізгі мақсаттардың бірі – өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне шығуы. Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы жүктеді, біз осы бағытта жұмыс істейміз», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы салықтық тәртіпті күшейту және өзіндік кіріс көздерін арттыру қажеттігін алға тартты. Қазіргі таңда облыс кірістерінің шамамен 50 пайызы өз күшімен қалыптасып отыр, жыл соңына дейін барлық жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу көзделіп отыр.

Кездесу барысында Асхат Шахаров өңірде жүзеге асырылып жатқан негізгі инфрақұрылымдық жобалар туралы да баяндады. Атап айтқанда, газдандыру, сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін дамыту, жолдарды жөндеу және салу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Өнеркәсіпті дамыту мен инвестиция тартуға баса назар аударылуда. Еркін экономикалық аймақ құрылып, жаңа өндірістерді дамытуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін ірі халықаралық келісімдер жасалған.

Өз кезегінде Сұлтанбек Мәкежанов облыс басшылығына ашық диалог үшін алғыс білдіріп, өңірдің даму қарқынына оң баға берді.

«Былтырғы жылы Президенттің тапсырмасымен нақты міндеттер қойылды. Бүгінде соның нәтижелерін көріп отырмыз. Облыстың бюджеттік әлеуеті жоғары, бұл маңызды инвестициялық және инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпкерлерді алаңдататын мәселелер де бар – бизнес пен өнеркәсіпті дамыту, қолдау шаралары. Біз осы мәселелерді жергілікті жерде талқылау үшін келдік», – деді ол.

Кездесу соңында облыс әкімі депутаттарға табысты жұмыс тіледі.

Тараптар әрі қарай да өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға әзір екендерін білдіріп, өңірдің тұрақты дамуы үшін бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

 
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-veterinariya/press/news/details/1191014?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді