
А.ж. 27 наурызында Семейде жасөспірімдер арасындағы радикалды идеологиялардың алдын алу мен психологиялық бейімдеуге арналған тәжірибелік семинар өтті. Іс-шараға білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі мамандары, педагог-психологтар мен мектеп директорлары қатысып, 200-ден астам адам бас қосты.
Жиында мәселенің өзектілігі нақты деректермен негізделіп, қауіптің алдын алу тек құқық қорғау органдарының емес, ең алдымен білім беру жүйесінің жауапкершілігі екені атап өтілді. Облыстық білім басқармасы өкілдері мектеп ерте сигналдарды анықтайтын негізгі орта екенін айтты. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Абай облысы бойынша департаменті профилактиканың жүйелі әрі үздіксіз жүргізілуі қажет екенін жеткізді.
Семинар барысында қатысушылар жасөспірімдердің радикалды ортаға тартылу себептерін талдап, қауіпті белгілерді ерте анықтау тәсілдерін қарастырды. Ерекше назар мінез-құлықтағы өзгерістерді дер кезінде байқауға, тәуекел топтарын нақты айқындауға және алдын алу жұмыстарын жүйелеуге аударылды.
Практикалық бөлімде мамандар нысаналы профилактика жүйесін құру, тәуекел факторларының картасын әзірлеу және нақты жағдайлар бойынша кейстерді талдау жұмыстарын жүргізді. «Қалыптылық пен қауіп шекаралары» тақырыбындағы топтық талқылаулар қатысушыларға нақты тәжірибелік дағдылар қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Семинар қорытындысында ата-аналармен байланысты күшейту, ведомствоаралық жұмысты үйлестіру және ерте алдын алу шараларын дамыту қажет екені айтылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-din/press/news/details/1191083?lang=kk

Жауап қалдыру