
ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫНДА ТАСБӨГЕТ ЖӘНЕ БЕЛКӨЛ КЕНТТЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ЖӨНІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ.
30 наурыз күні қалалық мәслихаттың кезекті 51 сессиясы өтті. Сессияға қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев төрағалық етті.
Сессияның күн тәртібінде «Тасбөгет және Белкөл кенттері әкімдерінің Қазақстан Республикасы Президентінің ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бағытында атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері жөніндегі есептері туралы» мәселелері тыңдалды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кент әкімдері баяндама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Тасбөгет кенті бойынша бюджет және салық базасын кеңейту бағытында 2025 жылға арналған кент бюджеті 515,8 млн теңге көлемінде бекітіліп, 100 пайызға игерілсе, салық түсімдерінің жылдық жоспары 157,0 млн теңгеден 184,1 млн теңгеге жетіп, 117 пайызға артығымен орындалған.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында 2025 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 64 тұрғын өз кәсіптерін дамытуға қаржылай қолдауға ие болған.
Қазіргі таңда кентте 95 көпқабатты тұрғын үй орналасқан, оның ішінде 25 үй апатты деп танылған. 2025 жылы апатты емес 16 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары жөндеуден өтті. Көшені жарықтандыру бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізіліп, қазіргі таңда кенттегі 56 көшенің 54-і немесе 98 пайызы жарықтандырылған.
Сондай-ақ, Сабалақ саяжайы тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген газдандыру және ауыз су мәселелері өз шешімдерін тауып, халық игіліне пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, 2025 жылы Белкөл кентінің бюджеті 111,9 млн. теңге көлемінде бекітіліп, жыл соңында 322,1 млн.теңге жеткен. Салық түсімдерінің жылдық жоспары 42,0 млн. теңгеден 53,9 млн. теңгеге жетіп, жылдық жоспар 128 пайызға орындалған. Кенттегі көпқабатты №1, 11, 12 үйлердің шатырлары жөнделіп, аулалары абаттандырылған. Кенттегі 8 көшеге асфальт төселіп, 7 көшеге және Бірқазан елді мекеніндегі Көкжиде көшесіне түнгі жарық шамдары орнатылған. Қазіргі уақытта көпқабатты №1, 11, 12, 12А үйлерге ыстық су жүргізілуде.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында кентте барлығы 464 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.
Сессия қарауына шығарылған мәселелерді қарау барысында қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев: Белкөл кентіндегі клуб үйіне ауыз су жүйесін жүргізу, кент бюджетін нақтылау кезінде жылжымалы LED-экран сатып алуға тиісті қаржыны бағыттау, депутат М.Есжанов: Тасбөгет кентіндегі №4 қалалық емхана ғимараты заманауи талаптарға сай болмауына байланысты тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету мақсатында жаңа емхана салу немесе жақсы жағдайдағы ғимарат қарастыру; Тасбөгет кентінің аяқ су мәселесін шешу, Тасбөгет кентіндегі Иіркөл елді мекенінде 15 шақты үй бар, қазіргі уақытта осы елді мекен тұрғындарының ұсыныстарын назарға алу, Белкөл кентіне қарасты Бірқазан елді мекеніне балалар ойын алаңын салу, газ жүйесін жүргізу, Белкөл кентінің аяқ су мәселесі, Белкөл кентіндегі көп қабатты тұрғын үйлердің алдындағы спорт алаңын жөндеуден өткізу, депутат Р.Ысқақова: Сабалақ елді мекенінде емхана филиалын ашу туралы ұсыныстарын айтты.
Сессия барысында Тасбөгет кентінен сайланған қалалық мәслихат депутаты Төлегенова Ақманат Мұратқызы қосымша хабарлама жасап, Тасбөгет кентінде атқарылып отырған маңызды жұмыстарды атап өтіп, өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар, сессия отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Ж.Абубакирова сөз алып, қазіргі уақытта Тасбөгет кентіндегі № 4 емхананы Шәменов көшесіндегі жеке мектепке көшіру жоспарланып жатқандығын, жұмыс тобы қүрылып, ғимаратқа зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Кентте орналасқан кәріз суын тазартуға арналған модульдік биологиялық тазарту станциясының қалыпты жұмыс жасамауына байланысты ауаға таралатын сасық иісті жою бойынша облыстық экология департаментінің орынбасары А.Ысқақов сөз алып, Тасбөгет кентінің кәріз жүйесін жетілдіру және экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында кәріз суларын қысымды коллекторлар арқылы Қызылжарма (Титов) ауданындағы тазарту станциясына бұру жобасы 2028 жылға дейін іске асырылатындығын жеткізді.
Сессия қарауына ұсынылған барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия отырысына, қала әкімінің орынбасары Д. Тұрсынбаев, құқық қорғау органдары, облыстық басқармалар мен департаменттердің жауапты өкілдері, қалалық дербес бөлімдер мен тиісті мекемелердің басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, Қызылорда қаласының, Тасбөгет және Белкөл кенттерінің ардагерлер кеңестері, сондай-ақ осы кенттердің мәдениет, білім, емхана мекемелерінің басшылары, аймақтық учаскелік полиция инспекторлары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысы «Youtube» арнасы арқылы тікелей эфирден көрсетілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-orda/press/news/details/1190332?lang=kk

Жауап қалдыру