
Тәттіге құмар ұры: Өскеменде дүкеннен 80 қорап шоколад жымқырған ер адам ұсталды
Облыс орталығындағы ірі сауда орталықтарының бірінде бірнеше рет жасалған ұрлық фактісі тіркелді.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2026 жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында ер адам сауда залынан қайталанған түрде жасырын тауар ұрлап келген. Ол өз әрекетін ешкім байқамаған сәттерді пайдаланып, заттарды сыртқы киімінің астына жасырып, ақысын төлеместен дүкеннен шығып кетіп отырған.
Қаскөйдің негізгі нысанасы — шоколад өнімдері болды. Ол жалпы саны 80 қорап «Merci» шоколадын жымқырған. Бұдан бөлек, күдікті косметикалық құралдарды, азық-түлік пен жеке гигиена заттарын да қолды қылған.
Осындай заңсыз әрекеттердің салдарынан сауда ұйымына 250 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірілді.
Кезекті ұрлық әрекеті кезінде күдіктінің жеке басы ШҚО ПД Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен анықталып, ұсталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.
Тәртіп сақшылары азаматтарды заңды сақтауға және өзгенің мүлкін жасырын жымқыру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1190773?lang=kk

Жауап қалдыру