
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында республика көлімінде 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырған. Аталған тапсырмаға сәйкес, облыстың орман қоры жерлеріне 2021-2027 жылдары 110 мың гектарға 170 млн көшет егу жұмыстары бойынша арнайы кешенді жоспар бекітілген. Бүгінде 2021-2025 жылдары аралығында 96 мың гектар жерге 146 млн түп көшет егілді. Жоспар 116 пайызға артығымен орындалды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыс басшысы жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне көктемгі ағаш егу жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, бекітілген жоспардың толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар кейбір аудандарда суару жүйелері мен қоршау жұмыстарының төмен деңгейде жүргізіліп жатқанын сынға алып, көшет отырғызу сапасын күшейтуді жеткізді.
Жиында көктемгі ағаш егу жұмыстарына дайындық барысы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов баяндама жасап, алдағы жоспарларын атап өтті. Оның айтуынша, 2026-2027 жылдары аралығында қалған 14 мың гектар жерге, 24 млн түп көшет егу жұмыстары толығымен атқарылады. Биылғы наурыз айында 13 600 гектар жер жырту жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.
Биыл Наурызнама аясында 23 наурыз – Тазару күніне орай жаппай ағаш отырғызу және тазалық акциялары өткізілді. Нәтижесінде 46 гектар жерге 32 256 түп көшет отырғызылып, 821 гектар аумақ тазартылып, 1032 тонна қоқыс шығарылды.
Сондай-ақ Түркістан қаласы маңында 30 мың гектар аумақта «Жасыл белдеу» қалыптастыру жобасы жүзеге асуда. Қазіргі таңда оның 29 544 гектары мемлекеттік орман қоры санатына енгізілген. 2026 жылғы жоспарға сәйкес, көктемде 100 гектарға 294,1 мың түп сексеуіл, ал күзде 9 415 гектар аумаққа 776 мың түп жапырақты ағаш көшеттері отырғызылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1190258?lang=kk

Жауап қалдыру