Алматылық спортшы семсерлесуден әлем чемпионатында тарихи жүлдеге қол жеткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматылық спортшы семсерлесуден әлем чемпионатында тарихи жүлдеге қол жеткізді

Бразилияда өтіп жатқан жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы семсерлесуден әлем чемпионатында алматылық спортшы Нұрмұхаммед Жайылбай қола жүлдеге ие болды.

Бұл жетістік тарихи болып саналады — Қазақстан тарихында алғаш рет осы жас санатындағы әлем чемпионатында жекелей сында медаль жеңіп алынды.

Нұрмұхаммед Жайылбай турнирді Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) рейтингі бойынша 25-орыннан бастап, жарыстың барлық кезеңдерінде жоғары деңгейдегі дайындық пен сенімді өнер көрсетті.

1/64 финалда ол Сенегал спортшысын жеңсе, 1/32 финалда Венгрия өкілінен басым түсті. 1/16 финалда Жапония спортшысын жеңіп, 1/8 финалда Ресей өкілін тізе бүктірді. Ширек финалда АҚШ спортшысын ұтып, жартылай финалға жолдама алды.

Жартылай финалда Нұрмұхаммед Жайылбай Еуропа чемпионы және әлемдік рейтинг көшбасшысы — түркиялық Фуркан Яманмен кездесті. Тартысты өткен жекпе-жек қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 13:15 есебімен есе жіберіп, қола жүлдегер атанды.

Айта кету керек, бұған дейін қазақстандық спортшылар әлемдік біріншіліктерде жүлдеге бір қадам қалғанда тоқтаған болатын. Ал Нұрмұхаммед Жайылбай алғаш рет жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында жекелей сында медаль жеңіп алған спортшы атанды.

Бұл жетістік Қазақстандағы семсерлесу спортының дамып келе жатқанын көрсетіп, алматылық спорт мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-sports/press/news/details/1192871?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді