Ақтау қаласында Наурыз мерекесіне арналған іс-шара өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 20 наурыз күні сағат 15:00-де Ақтау қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты тергеу изоляторында Наурыз мерекесіне орай тәрбиелік және мәдени іс-шара ұйымдастырылып өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – сотталғандар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, рухани-адамгершілік тәрбиені нығайту, сондай-ақ өзара сыйластық, татулық пен бірлік қағидаттарын насихаттау.

Шара барысында Наурыз мерекесіне арналған ұлттық дастархан жайылып, қатысушыларға бауырсақ, шұбат, балқаймақ, ірімшік және өзге де дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар, мерекенің мән-маңызын кеңінен түсіндіру мақсатында Наурыз туралы танымдық бейнефильм көрсетіліп, оның шығу тарихы баяндалды. Атап айтқанда, Наурыз мейрамының 3–5 мың жыл бұрын ежелгі өркениеттерден бастау алатыны, Иран және Орталық Азия халықтарының мәдениетімен тығыз байланысты екендігі айтылды. «Наурыз» сөзінің парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіретіні түсіндірілді.

Іс-шара аясында «Кешіру» тақырыбында психологиялық тренинг ұйымдастырылып, қатысушыларға өзара түсіністік, кешірім және адамгершілік құндылықтарының маңыздылығы жеткізілді. Сонымен қатар, алғыс айту мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бөлім өткізіліп, қатысушылар бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.

Мерекелік бағдарлама барысында сотталғандар өз өнерлерін көрсетіп, ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін шығармашылық нөмірлерін ұсынды.

Жалпы, өткізілген іс-шара Наурыз мерекесінің мазмұнын ашуға, қатысушылардың рухани дамуына оң ықпал етіп, қоғамға бейімделуіне және оң мінез-құлық қалыптастыруына септігін тигізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-udr/press/news/details/1192604?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді