
Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №70 мекемесінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі тобының бекітілген жоспарына сәйкес қызметкерлер арасында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, автокөлік тәртібін күшейту және тұрақтандыру мақсатында арнайы тексеру іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында мекеме қызметкерлеріне тиесілі автокөліктердің құжаттары мұқият қаралды. Атап айтқанда, жүргізуші куәліктерінің жарамдылық мерзімі, көліктің техникалық байқаудан өту уақыты, міндетті сақтандыру полистерінің болуы, сондай-ақ көлік салығы бойынша төлемдердің төленген-төленбегендігі тексерілді.
Сонымен қатар, жол қауіпсіздігі талаптарына сәйкес көліктерде міндетті түрде болуы тиіс өрт сөндіргіш құралдар мен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қобдишалардың бар-жоғы да бақылауға алынды. Бұл тексеру қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында жүргізілді.
Бұдан бөлек, мекеме қызметкерлерінің сыртқы келбетіне, әскери киім үлгісінің талапқа сай болуына, қызметтік куәліктерінің өзімен бірге алып жүруіне және жалпы қызметтік тәртіп ережелерінің сақталуына да ерекше назар аударылды.
Аталған профилактикалық шараның негізгі мақсаты – қызметкерлер арасында тәртіпті нығайту, қызметтік жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ жеке құрамның қызметтік міндеттерін орындауға тұрақты дайындығын қамтамасыз ету болып табылады.
Осындай жоспарлы іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, мекеме қызметкерлерінің тәртіп деңгейін арттыруға және қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duisaktobe/press/news/details/1192508?lang=kk

Жауап қалдыру